17-06-18 |
5010 рет қаралған
«Киелі Қазақстан» жобасының мәні неде?.
«Киелі Қазақстан» жобасының мәні неде?

«Киелі Қазақстан» жобасының мәні неде?

Қазақ ұғымында киелі сөзінің орны ерекше. Арғықазақ тарихындағы ерте танымнан бері келе жатқан киелі һәм қасиетті саналатын дүниелер көп-ақ. Тіпті күнделікті тұрмыс-тіршіліктің өзінде де қолданылатын киелі нәрселерге қатысты наным-тыйымдар да бар. Мұны әсіресе, көшпенді қазақ өмірінен көруге болады. Мысалы, «табалдырықтан биік тау жоқ» деген қазақ табалдырықты басуды жаман ырымға балап, оны киелі дүниеге балайды. Қарапайым тіршіліктің өзінде осындай киелі ұстанымдарды ұстанған елдің байтақ даласында қасиетті, киелі саналатын орындар молынан кездеседі. Оларды ислам дініне дейінгі және одан кейінгі деп екіге бөліп қарастыруға болады. Осы тұрғыда тарихшы Хангелді Әбжановтың «Қазақстан діндер мен мә­дениеттердің, түрлі өркениеттердің ықпалдастығын бастан өткерді. Біз үшін екі рухани құндылықтың парқы мен нарқы алабөтен. Олар – тәңір­шілдік пен ислам. Осы екеуіне қатысты жер­дің, нысан­дардың, ескерткіштердің болмыс-бітімін анықтап, сакрал­дыға кіретін – кірмейтінін ғылыми бекемдейтін сәт келді. Отар өлкеге айналғанға дейінгі дәуір­лерден жеткен жат діндер мен қазіргі қатерлі діни ағымдар мұрасын сакралды география мәртебесімен танудың реті жоқ» деген пікірінің Қазақстанның киелі орындарын анықтауда назарда болатын жайт екенін ескерген жөн.

Рас, қазақ даласы өз тарихында түрлі өркениеттер мен діндердің ықпалында болды. Олардың тарихымыздағы қалдырған іздері әлі сайрап жатыр. Алайда, қазақ халқының ерекше бір қасиетті кез келген дүниенің өзінің ұлттық таным-түсінігіне сәйкестендіріп, сіңіріп отырған. Сондықтан да болар, ұлттық таныммен астасқан киелі орындар ғасырлық ескеркіштер болып әлі жасап келеді. Халық танымындағы тарихтың қайта түлетіп, ұлттың қорғанын қатайтуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының мәні тереңде. Қазір де осы жоба аясында 400-ден аса киелі жерлер анықталған екен. Ендігі кезекті осы киелі орындарға арнайы ғылыми сараптама жасалып, халық танымындағы оның орны мен маңызы, мәні көрсетілмек. Және де әр киелі жер турасында деректі фильмдер түсіріліп, ел ішіне насиахты көбеймек. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде жалпыұлттық және аймақтық киелі жерлердің тізімі басылған екі кітап мың дана таралыммен шықты. Және де киелі орындарды онлайн көруге мүмкіндік беретін 3D туры бар карта жасалу үстінде. Оның үстіне киелі орындарға туристерді қызықтыру да басты мақсаттың бірі. Сондықтан да бес жылға жоспарланға «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында атқарылар шаруа әлі көп. Есесіне, бұл жоба мемлекет пен ұлт тарихындағы үлкен тарихи-рухани серпіліске жол ашады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.