Қазақстанда ақылы медициналық қызметтерге 10% мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығы (ҚҚС) салынатын болады. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында Жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің салық саясатындағы бірқатар жаңалықтарды айтып өтті.
«Әлеуметтік салада, денсаулық сақтауда Үкімет ҚҚС-тан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін белгілейтін болады. ҚҚС тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. ҚҚС мөлшерлемесі 10% болады», — деді вице-министр.
Айтылған ақпаратқа сәйкес, корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша әлеуметтік сала үшін 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% мөлшерлеме белгіленетін болады.
Сондай-ақ Жұманғарин салық жүйесіндегі басқа да негізгі өзгерістерді атап өтті:
- ҚҚС 16%-ға тең болады.
- ҚҚС шегі 40 млн теңге деңгейінде белгіленген.
- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басу ісі, археология ҚҚС төлеуден босатылады.
- Банк операцияларына ҚҚС салынады.
«Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы бағалардың негізділігіне талдау жүргізеді», — деп түсіндірді Серік Жұмианғарин.
- Арнайы салық режимі бойынша рұқсат етілмеген, тыйым салу тізімі енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 70% жеңілдік сақталады.
- Өңдеу өнеркәсібіне КТС 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынатын болады.
Вице-министр өзгерістер неғұрлым ашық және әділ салық жүйесін құруға, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын сақтауға бағытталғанын атап өтті.