Соңғы апталарда Қазақстанда салық реформасына қатысты кең көлемді пікірталас жүріп жатыр. Бұл талқылаулардың негізгі өзегі – қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесінің өзгеруі, салықтық оңтайландыруға қарсы күрес және салықтық әкімшілендіруді күшейту. Мемлекет салық жүйесін әділетті етуге ұмтылады, ал бизнес жаңа жүктемелерден алаңдайды. Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық банк ҚҚС-ты арттыру – экономиканы нығайту үшін жасалған мәжбүрлі қадам екенін түсіндіреді. Енді ҚҚС 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі. Кейбір салаларға 10 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлеме қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін нөлдік мөлшерлеме сақталады. Бұл – мұнайға тәуелділікті азайтып, салық түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды. Сонымен қатар, жұмыс күшіне түсетін салық жүктемесін төмендету арқылы ҚҚС-тың өсуі кәсіпкерлікке қатты әсер етпеуі тиіс. Жаңа реформа салық әкімшілендіруді де жеңілдетуді көздейді – 16 пайыздық мөлшерлеме бюджетке көбірек қаржы түсіріп, бизнеске де ыңғайлырақ болады.
Жаңа салық саясаты кәсіпкерлер үшін де белгілі бір артықшылықтар әкелмек. Мәселен, әлеуметтік салық (34%) пен жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктеме азаяды. ҚҚС-ты қайтару мәселесі де оң шешімін табады деген үміт бар. Бұл – кәсіпкерлер үшін ең күрделі мәселелердің бірі. Үкімет бизнес зардап шекпейді деп сендіріп отыр, керісінше, экономика ұтады дейді. Дегенмен, бизнес өкілдері де орынды сұрақтар қояды: бұл бағаға қалай әсер етеді? Экономистер ҚҚС-тың өсуі тауарлар мен қызметтердің аздап қымбаттауына алып келуі мүмкін деп отыр. Алайда үкімет бұл әсерді басқа қолдау шаралары арқылы барынша азайтуға уәде беруде. Сонымен қатар, кәсіпкерлер салықты төлеу одан әрі қиындай ма деп алаңдайды. Әсіресе ҚҚС бойынша әкімшілендіру қиын болуы мүмкін, ал жаңа тексерулер жұмысты қиындатуы ықтимал. Осыған байланысты билік салықтық процестерді цифрландыру арқылы бұл мәселені шешуді жоспарлап отыр.
Тағы бір үлкен қауіп – көлеңкелі экономика. Жаңа салықтық жүктемеден қашу үшін кейбір компаниялар бизнесті жасанды түрде ұсақтауы мүмкін. Бұл мәселе бойынша да үкімет нақты шаралар қабылдауда. 28 ақпанда Премьер-Министр Олжас Бектенов салық реформасына байланысты жиын өткізіп, онда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Қаржы министрі Мади Такиевпен бірге салық-бюджет реформасы мен салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелерін талқылады. Премьер-министр салық жүйесінің ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерлерге екі апта ішінде салықты әділ төлеуге шақырды.
Соңғы жылдары кең таралған салықтан жалтару тәсілдерінің бірі – бизнесті жасанды түрде ұсақтау. Яғни ірі компаниялар бірнеше жеке кәсіпкерлікке немесе ЖШС-ге бөлініп, айналымдарын төмендетіп, жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейді. Шын мәнінде бұл бірнеше субъектілер бір компанияға тиесілі болып саналады. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) осы мәселені шешу үшін жаңа критерийлерді енгізіп жатыр. Егер бірнеше заңды тұлға бірлесіп жұмыс істейтінін дәлелдесе, олар біріктіріліп, бір салық төлеуші ретінде қарастырылады. Бұл әділ бәсекелестікке кедергі келтіретін көлеңкелі схемалармен күрес үшін маңызды. Таза жұмыс істейтін бизнес салықтан жалтарушылармен бір деңгейде бәсекеге түспеуі тиіс.
Ұлттық банк ҚҚС-ты арттыруды қолдап отыр және бұл шара бюджетке жыл сайын 5 трлн теңгеге дейін қосымша кіріс әкелетінін алға тартуда. Бұл қаржы инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамытуға бағытталады. Сонымен қатар, мұнайға тәуелділікті төмендетіп, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Дегенмен, кейбір сарапшылар кез келген салықтың өсуі белгілі бір қауіп тудыратынын ескертеді. Ең бастысы – бағаның күрт өсуіне және бизнестің көлеңкеге кетуіне жол бермеу.
Министр Жұманғариннің айтуынша, Қазақстандағы қазіргі ҚҚС мөлшерлемесі әлем бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. Сондықтан салық саясатын қайта қарау қажет. Ол салықты жай ғана көтеру емес, салықтық жүктемені әділ бөлу мақсаты тұрғанын айтты. Сонымен қатар, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылуда. Бұл салық базасын кеңейтіп, салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір тіркелген 2,3 млн салық төлеушінің тек 6 пайызы ғана ҚҚС төлеуші болып табылады, бұл жүйені қайта қараудың қажеттілігін көрсетеді.
2025 жылы Қазақстан экономикасын не күтіп тұр? Жаңа реформа нәтижесінде салық түсімдері артып, бюджет тұрақты болмақ. Әлеуметтік салықтың азаюы жұмыс орындарының көбеюіне жол ашады. Шынайы жұмыс істейтін бизнес әділ ортада дамиды. Дегенмен, егер бақылау механизмдері дұрыс жұмыс істемесе, бағаның өсуі мүмкін. Шағын бизнеске жаңа жағдайларға бейімделу қажет болады. Ең бастысы – салықтық реформаның әкімшілендіруді күрделендірмей, керісінше, жеңілдетуі маңызды. Қазір Қазақстан салық жүйесін жаңғырту жолына түсті. Бұл реформа экономиканы нығайтуға бағытталған. Бастысы – жаңа ережелерді дұрыс енгізіп, бизнеске зиян тигізбей, ел экономикасын күшейту.