Біз
әлеуметтік
желіде
03-07-25 |
520 рет қаралған
ҚМДБ бетті жабатын киімге қатысты пікір білдірді.
ҚМДБ бетті жабатын киімге қатысты пікір білдірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заңнамаға енгізілген бірқатар өзгерістерге байланысты пікір білдірді. Атап айтқанда, бұл өзгерістер қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киімді, соның ішінде никабты киюге тыйым салуға қатысты.

«Бүгінде елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Соның бірі – бет-әлпетін толық жабатын киімге (оның бірі ниқаб) қоғамдық орындарда тыйым салу туралы жаңа шектеулер. Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда», — делінген хабарламада.

«Мүмин әйелдерге айт: «(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері (беті, қол-аяқтары) бұдан тыс және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін», – деген («Нұр» сүресі, 31-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес деп, беті мен екі қолын көрсеткен» (имам Әбу Дәуід).

Жоғарыда Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған.

«Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік», — деп түйіндеді ҚМДБ.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.