21-05-23 |
1220 рет қаралған
Конституциялық өзгерістер өз жемісін беріп келеді.
Конституциялық өзгерістер өз жемісін беріп келеді

Былтыр еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі болғанмын. Сол кезде қабылданған референдумге міне 1 жыл толып отыр. Конституцияға едәуір өзгерістер енгізілгенін өздеріңіз де білесіздер. Олардың санын айтсақ: 33 бапқа 56 толықтыру және өзгерту жасалған екен. Мұндай үлкен сандар бір қарағанда түсінуге қиындау болуы мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, оларды топтастырып, жүйелендіріп сараласақ, олардың бар-жоғы 10 елеулі өзгерістер және толықтырулар төңірегінде жасалғанын аңғаруға болады. Жаңағы айтқан 56 өзгеріс пен толықтырудың көбі – редакциялық сипатқа ие. Мысалы «Конституциялық кеңес» деген термин «Конституциялық сот» деген сөзге, «Есеп комитеті» «Аудиторлық палата» деп ауыстырылған. Мұндай өзгертулер көп. Менің ойымша олар соншалықты маңызды емес, оларды техникалық сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар деп айтуға болады.

Ал ең маңызды өзгерістер мен толықтыруларды айтар болсақ, олар жаңағы айтқан 10 түзетуге қатысты. Олардың ішінде ең бір маңыздысы, елдің көкейінде жүргені: «Тұңғыш Президент туралы» арнайы Конституциялық Заңның күшін жойғаны. Бірақ, халықтың әлі түсінбей жүргені: «Неге Тұңғыш Президент әлі сол қалпын сақтап, қоғамдық-саяси жағдайларда елге көрініп жүр?» деген сұрақ. Оған жауап: Конституцияда әлі күнге дейін мынадай бап сақталған. Яки, экс-президенттер өзінің отбасының қауіпсіздігі бойынша, өзінің жеке қамсыздандыру бойынша мемлекет аясында қала береді. Ол біздің ойлап тапқанымыз емес, бұл соңғы жүз жылдықтағы қалыптасқан тәжірибе. Бұрынғы президенттер бұрынғы артықшылықтарын өмір бойына сақтап қала алады. Екіншіден, қазіргі жаңа Конституциямыз бойынша бұл қазіргі Президентке де қатысты. Бұл тұста таяқтың екі ұшы бар. Президенттің мерзіміне, оның жақын туыстарына қатысты өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы Бір рет 7 жыл мерзімге сайланады, оның туыстары маңызды мемлекеттік қызметтерге ие бола алмайды. Енді осы тұста бізде квазимемлекеттік кәсіпорындар деген түсінік бар. Ол ауқымы өте кең мазмұндағы компаниялар. АҚ, ЖШС сынды тағы да басқа форматта болып келеді. Міне, сондай компанияларда Президенттің жақын туыстары қызмет ете алмайды деген нақты үзілді-кесілді норма жоқ.

Тағы бір өте маңызды өзгеріс – кез-келген әкімді қазіргі жағдайда Президент тағайындай алмайды. Бұрын аудандық, ауылдық әкімге дейін Президент тағайындайтын. Қазір тек Республикалық маңызды қалалардың, облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдерін Президент тағайындай алады. Жергілікті әкімдерді тағайындай алмайды. Бұл Президенттің құзіретін шектеу мақсатында туындаған өзгерістер. Мен мұны билікті бір қолға шоғырландыруға жол бермейтін маңызды өзгеріс деп есептеймін. Мұндай жағдайлардың басқа да мысалдары көп. Олар жүзеге асырылды, Конституцияда орын алды.

Өзгерістердің тағы бір тобы Парламенттің палаталарына қатысты. Жоғары палата – Сенат қазір белсенді заң шығару құзіретінен айырылды. Себебі, негізгі заң шығарушылық құзірет төменгі Палатаға, яки мәжіліске толығымен ауысты. Кез-келген заңды қазір Мәжілістің депутаттары қарастырып, талдап, келісетін немесе келіспейтін тұстарын айтып, нәтижесінде сол заңның сапасына жауапкершілікті де олар мойынына алады. Солай болып та жатыр. Соңғы екі айда әсіресе, жаңадан құрылған Мәжілістің депутаттары қандай белсенді екенін құдайға шүкір еліміз көріп жатыр. Мен бұны оң сипатта орын алған өзгерістердің нәтижесі деп есептеймін.

Ендігі бір маңызды өзгеріс – жеке тұлғаның, яки кез-келген адамның құқықтарын қорғау бойынша толықтырулар. Мысалы қазір Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің дәрежесі өте жоғарылады. Ол туралы арнайы Конституциялық заң қабылданды. Оның құзіреті едәуір кеңейтілді. Оның қол астындағы қызметкерлерінің құрамы да ұлғайды. Яки, еліміздің кез-келген аймағында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзінің қызметін толыққанды жүзеге асыра алады. Сонымен қоса ол Конституциялық сотқа жүгіне алады. Мұндағы жұмыстар қазір алғашқы кезеңінен өтуде. Алдағы болашақта мықты институт ретіндегі жемісін көретінімізге бек сенемін.

Негізгі өзгерістердің ішінде тоқтала кеткім келіп отырған тағы бір жайт – Қазақстанда өлім жазасының алынып тасталғаны. Оны екі жақта қарастыруға болады. Халқымыздың бір бөлігі: «өлім жазасын алып тастау керек» дейді, ал екінші бөлігі, керісінше, «ауыр қылмыстар үшін оны қолдану керек» деген пікірде. Бірақ қазір дүние жүзінде гуманитарлық бағыт басым болып келе жатқан сияқты. Сондықтан да бұл қадам еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін нығайта түсетіні анық. Ал алдағы уақытта еліміздің ізгілендіру саясатының оңы мен солы сараланып, оған объективті түрде бағасын беретін кезең де келеді деп санаймын.

Бір жыл дегеніміз тарих үшін қысқа ғана мерзім. Осынау тіпті қас-қағым сәт деп аталатын кезеңде біз жүз жылға жүк боларлық маңызды міндеттерді біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Осы қалпымыздан танбай, Конституциялық реформаларды уақытылы жүзеге асыра беретін болсақ, Жаңа Қазақстанның болашағы жақын, Әділ Қазақстанның көк Байрағы биік желбірейтініне күмәнім жоқ.

Сара Идрышева,

М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ  Университетінің профессоры,

заң ғылымдарының докторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.