26-06-20 |
1240 рет қаралған
Көп адам жұбайының көңілін табу үшін ата-анасынан бас тартады.
Көп адам жұбайының көңілін табу үшін ата-анасынан бас тартады

Отбасылық зорлық-зомбылық туралы көбінесе әйелдерге қатысты айтылады. Алайда қоғамда қарттар да жақындарынан жиі зәбір көріп жататынын ерекше айтып өткіміз келеді. Олар көп жағдайда балаларына кешірімді келеді, кінәні өздерінен іздейді, өз баласнан таяқ жейтінін айтуға ұялады, сондықтан да олардың мәселесі жиі жабулы күйінде қалады дейді мамандар.

Солардың бірі жетпісті алқымдаған Наталья Юрьевна Алматыдағы дағдарыс орталығын уақытша паналап жүр. Оны қызы мен күйеу баласы үйден қуып жіберген.

– Таңғы бестер шамасында үйден қашып бара жатқан жерімнен жанашыр адамдар кездестіріп қалып, дағдарыс орталығына алып келді. Қызым бір жігітке тұрмысқа шыққан еді, сол жігіт мені жақтырмады. Үйде артық адам сияқты болдым, -деген кейуана сөзін былай жалғады:

Екі мыңыншы жылдардың басында жағдайымыз жақсы болған. Менің шағын кәсібім болды, қызым әуе компаниясында жұмыс істеді. Бірақ алаяқтар ісімді тартып алды. Одан кейін қызым ауырып, екі аяғынан айрылды да, протез киді. Артынша мен онкологиялық ауруға шалдықтым. Қызым мені ауруханаға апарып жүріп, жұмысынан да айрылып қалды. Тағдырдың жазғанына амал нешік? Жағдайымыз мүшкіл болды. Пәтерден пәтерге көшіп жүру оңай емес. Содан осы жігітті кездестірді де, тұрмысқа шықты. Ал ол мені жақтырмады. Сөйтіп, ұрыс-керіс, бітпейтін жанжалдан кейін маған үйден кетуге тура келді.

– Қызыңыз сізді емес, күйеуін таңдағанына ренжімейсіз бе?

– Қызыма да күн көру керек. Оны түсінемін. Мен оларға масылмын ғой, -деп налыды кейуана.

Наталья Юрьевна дағдарыс орталығында ұзақ тұра алмайтынын айтып, өзіне баспана іздеп жатқанын жеткізді. Қарттар үйіне өзін қабылдауға өтініш тапсырса, ол жерде орын жоқ екенін айтыпты. Ендігі ойы кезінде өзі ерікті болып жұмыс істеген шіркеу аясындағы қарттар үйіне бару.

– Жастау кезімде проваслав шіркеуіне тиесілі қарттар үйіне барып көмектесуші едім. Қариялардың кірін жуып, бөлмесін жинап беретінмін. Ол жерде тамағыңды береді, күтіп, қарайласады, -деді сұхбаттасымыз.

Қазіргі уақытта Наталья Юрьевнаға психолог Мәдина Бақытжанқызы психологиялық көмек көрсетуде. Біз Мәдина Бақытжанқызынан балалары есейгенде неге ата-аналарын тастап кететінін сұрадық.

Мұның әртүрлі себебі бар. Көп жағдайда тәрбиеден кеткен қателік осындай салдарға алып келеді. Наталья Юрьевнаның жағдайында да осы мәселе. Ол кісі өз қателігін біледі. Кезінде баласына көңіл аз бөліп, көп жұмыс істегенін айтып өкінеді. Оның үстіне тұрмыстары да мүшкіл. Қызымен қайта татуластырдық, ара-қатынастары түзеліп келеді, бірақ бұл кісі қызыне енді қайтып бармайды. Барса күйеубаласы қайта ұруы мүмкін. Сондықтан әжей қарттар үйіне кетеді. Ал қызы күйеуімен Ресейге көшеді, –дейді Мәдина Бақытжанқызы.

Психолог тастанды қариялардың балалары ата-анасына қарауға мүмкіндігі жоқ екенін айтып ақталады дейді. Оларға неге қартайғанда ата-анаңыз керек болмай қалды деп сұрасаң жұмысы көптігіне, өз балаларын тәрбиелеуге уақыт табуы керек екеніне және басқа да тұрмыстық мәселелерін сылтауратады екен.

Қоғамда көптеген адамдар Наталья Юрьевнаның қызы сияқты жұбайларының көңілін табу үшін ата-аналарынан бас тартады. Ата-енесін бөтенсінетін келіндер мен күйеу балалар да жетіп артылады. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының мәліметінше сұрауға алынған қарт адамдардың 15,7% үйінде зәбір көргенін айтқан. Олар көп жағдайда психологиялық немесе қаржылық қысым көрген немесе ұрып-соғу мен сексуалды зорлыққа ұшыраған. Ал еліміздегі қарттар үйінде тұрып жатқан зейнеткерлердің саны 13 мыңға жуық. Былтыр осындай мекемелерге келіп түскен қариялардың 41-і отбасында зорлық-зомбылық көрген.

Балжан Жеңісқызы, arasha.kz

Материалдағы кейіпкердің аты-жөні өзгертіліп алынған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.