2025 жылғы 2–5 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін дайындау жоспарына сәйкес еліміздің бірнеше өңірінде әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік әзірлігін тексеру бойынша іс-шаралар өтеді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Тактикалық-саптық жаттығулар аясында бөлімшелерді дабыл бойынша көтеру, тұрақты орналасу пункттерінен оқу-жаттығу аудандарына, полигондар мен оқу орталықтарына әскери техниканың колонналарын жылжыту жоспарланған.
Жаттығулар тек оқу мақсатында өткізіледі. Негізгі міндет — әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, жеке құрамның үйлесімді іс-қимылын қамтамасыз ету, сондай-ақ командирлердің бөлімшелерді басқару машығын жетілдіру.
Әскери техниканың қозғалысы тек бекітілген бағыттармен, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады.
Қорғаныс министрлігі азаматтарды сабыр сақтауға, аталған іс-шараларға түсіністікпен қарауға және расталмаған ақпаратты таратудан аулақ болуға шақырады.