Әскери комиссариат өкілдері студенттермен әңгіме жүргізу үшін келгенін айтқан. Үшінші курс студенттерін қорытынды емтихан тапсырып жатқанда топ-тобымен алып кете бастаған, деп жазды «Наша Газета» басылымы.
Ата-аналардың айтуынша, оқу орны 30 маусымға дейін жұмыс істейді және сол күнге дейін студенттер ресми түрде білім алушылар болып саналады. Олар әскери комиссариат қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп бағалап, балалардың емтихан кезінде алаңдатқанына наразы.
Бұл жағдай бойынша жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі басқарма пікір білдірді.
«Қостанай құрылыс колледжін тәмамдап жатқан студенттер Қостанай қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма қызметкерлері тарапынан ерікті түрде облыстық жиын пунктіне жеткізілді. Бұл жерде олар мерзімді әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау үшін медициналық тексеруден өтті.
Қостанай облыстық ҚІЖБ өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық шаралардың мақсаты мен тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Іс-шара аясында шақырылушыларға психологиялық тестілеу және алдын ала медициналық тексеру жүргізіледі», – делінген ресми мәлімдемеде.