Сыбайлас жемқорлық дауларына іліккен Даниал Ахметовтің туысы ұлттық компанияны уақытша басқаруға кірісті.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жуырда басшысыз қалды, бұрынғы басшы Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі болып тағайындалды.
ҚТЖ-да хабарлағандай, компания басқармасының уақытша төрағасы болып Ерлан Қойшыбаев тағайындалған. Ол 2021 жылдан бері логистика жөніндегі орынбасар қызметін атқарып келген. Компания бұл тағайындауды ішкі нормативтік актілермен түсіндірді, деп жазды Orda.kz.
Айта кетсек, Ерлан Қойшыбаев — бұрынғы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің қызы Аделия Ахметоваға үйленген, яғни оның күйеу баласы.
Бұл топ-менеджердің есімі бұған дейін де жағымсыз жайттарда аталған. 2022 жылы компания қызметкерлері Президентке хат жазып, онда басшылықты жемқорлық, қаржыны жымқыру және заңсыз ақша шығару фактілері бойынша айыптаған болатын. Сол хатта Ерлан Қойшыбаевтың аты аталған.
Хат авторларының айтуынша, Ахметовтің туысы мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам зиян келтірген.
Фото: «Кедентранссервис» АҚ сайты