Бүгін түстен кейін Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінен еліміз үшін маңызды, жүйелі жаңалықтар күтемін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәлімдеді.
Оның айтуынша, жиын барысында көптен бері көтеріліп келе жатқан бірқатар жүйелік түйткілдер назарға ілігеді деп күтілуде. Депутат атап өткен өзекті мәселелер:
-Құқық қорғау органдарының санын қысқарту. Бүгінде олардың түрі өте көп, функциялары бір-бірін жиі қайталайды. Мұндай жүйе шенеуніктердің бастамашыл болуына кедергі келтіреді. Ал бұл, өз кезегінде, отандық бизнестің дамуына тұсау болып отыр.
-Қаржыландыруды қайта қарау. Антикор мен АФМ (ДЭР) құрамындағы арнайы жасақ (спецназ) не үшін қажет? Осы қаражатты ҚАЖК жүйесіне — түрмелерді жөндеуге, оларды халықаралық стандартқа сай камералық үлгіде қайта салуға жұмсауға болады.
-Тергеушілердің процестік тәуелсіздігін қалпына келтіру — әділдік пен заң үстемдігінің негізгі тетігі.
-Қызмет тиімділігін бағалау жүйесін қайта қарау. Санға емес, сапаға жұмыс істейтін құқық қорғау жүйесін құру — уақыт талабы.
Абзал Құспанның пікірінше, бұл бастамалар кезекті реформа үшін емес, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі өзгерістер үшін қажет. Енді барлығы бірнеше сағат ішінде белгілі болмақ — бұл жиын еліміздегі құқық қорғау жүйесі үшін бетбұрыс сәтке айналуы мүмкін.