Астана әкімдігі «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы жеке меншік жерге сквер салып қойды. Бұл жер бұған дейін Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниядан тәркіленіп, кейін «Timur-2023» ЖШС-не 176 миллион теңгеге сатылған еді. Енді әкімдік осы жерді 1 миллиард теңгеге қайтармақ, алайда депутаттар бұл ұсынысты тағы да қабылдамай, қисынсыз деп бағалады.
Астана әкімдігі бірнеше айдан бері бұл жер телімін 1,09 миллиард теңгеге сатып алуға тырысып жүр. Мәслихат депутаты Асқар Смағұлов бұл жағдайды абсурд деп атады: 2022 жылы жер тәркіленіп, 2023 жылы 176 миллион теңгеге сатылған, ал енді әкімдік оны 1 миллиардқа қайтармақ. Бұл арада сквер бюджет есебінен салынып қойған.
Астана әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтың айтуынша, әкімдік аукцион процесін бақыламаған және тек нәтижесін білген. Оның сөзінше, сквер салу туралы шешім жер сатылғаннан кейін қабылданған.
Депутат Владислав Сергеев болса, сквер салу туралы шешім бұдан үш жыл бұрын қабылданғанын айтып, бұл мәмілені заң тұрғысынан бағалауды талап етті.
2015 жылы «Керуен» СОО жанындағы жер телімі Тимур Құлибаевтың компаниясына жеке меншікке берілген. 2017 жылы ол жер «Astana Luxe Retail» ЖШС-не өткен, бұл компания да Құлибаевпен байланысы бар. 2022 жылы жер телімі пайдаланылмағаны үшін тәркіленіп, аукционда 176,9 миллион теңгеге СҚО-да тіркелген «Timur-2023» компаниясына сатылған. Енді әкімдік оны 1,09 миллиард теңгеге қайтарғысы келеді және бұл нарықтық баға деп отыр. Жаңа меншік иелері бұл өтемақымен келісіп отыр.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек «Керуен» жанындағы жеке меншік жерге салынған сквер қалаға керек және ол қала мен тұрғындарға қалады деген болатын. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, абаттандыру жұмыстарының бір бөлігін құрылысшы компания жүргізген, бірақ жұмыстар аяқталмаған, ал жер телімі мемлекеттік меншікке тек оны сатып алғаннан кейін ғана өтеді.
Фото: elordainfo.kz