Біз
әлеуметтік
желіде
18-06-25 |
110 рет қаралған
Квазимемлекеттік компаниялардың тиімділігі жоқ.
Квазимемлекеттік компаниялардың тиімділігі жоқ

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебіне қатысты өткір сын айтты. Оның айтуынша, бюджеттік жоспарлау мен қаражатты игеру арасындағы алшақтық жылдан-жылға артып келеді.

Оның айуынша, 2024 жылы бюджет бір рет нақтыланып, 12 рет түзетілгенімен, 526 млрд теңге игерілмей қалған. Оның ішінде:

  • 422 млрд теңге — толық қаржыландырылмаған қаражат;
  • 92 млрд теңге — игерілмей қалған қаражат.

Ең көп игере алмаған министрліктер:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі — 29,1 млрд тг,

Қаржы министрлігі — 24 млрд тг,

Көлік министрлігі — 22,5 млрд тг.

Сәдібековтің айтуынша, бұл тек қаржының игерілмей қалуы ғана емес, жоспарланған нәтижелерге де қол жеткізілмегенін көрсетеді. Қымбат жобалар – нәтиже нөл, дегене депутат бірқатар нақты мысалдар келтірді.

Мәселен, «Бозоқ» тарихи кешені бойынша 3,9 млрд теңге қайтарылып, жоба 4 жылға кешігіп жатыр. Оның бастапқы құны 7,2 млрд теңге болса, қазір 17,4 млрд теңгеге жеткен.

Өткізу бекеттерін жаңғырту жобасы: Қаржы министрлігіне бөлінген 24 млрд теңге игерілмеген. Жоспарланған 4 өткізу пункті де жаңартылмаған. Бұл қаржы қарыз есебінен алынып, оған 5,7 млрд теңге көлемінде сыйақы мен 1,2 млрд теңге комиссия төленген.

“Бұл — халықаралық қарыз есебінен жүзеге асатын жобалар тиімсіз әрі өте қымбат деген сөз,” — деді депутат.

Оған қоса «Нәтижеге бағдарланған бюджет» жүйесі 17 жыл бұрын енгізілгенімен, әлі де нақты жұмыс істемейді. Кей жағдайларда шығын азайып, нәтиже жақсарып жатқандай көрінеді, ал кейде керісінше.

«Мысалы, Көлік министрлігіне бөлінген қаржы 96 миллиард теңгеден өзгермеді, бірақ жолдарды жөндеу ұзындығы 104 км-ден 124 км-ге дейін артты. Ал, басқа бағдарламада қаржы 3 миллиардқа азайып, жобалар саны кемігенімен, жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы өзгеріссіз — 4,1 км күйінде қалды», — дейді ол.

Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, мемлекеттік органдар көрсеткіштерді әдейі жеңіл деңгейде белгілеп, оң нәтиже көрсетуге тырысады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарын 80% деп белгілеп, 106% орындаған.

Денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салтын ұстанушылардың үлесін 34,2%-дан 32%-ға азайтуды жоспарлаған.

Депутаттың айтуынша, квазимемлекеттік секторда қаражат бар, тиімділік жоқ. 2024 жылы бұл секторға 757 млрд теңге бөлінгенімен, 60 млрд теңге игерілмеген.

«Бюджетке түсетін дивидендтер 29%-ға азайған, квазимемлекеттік субъектілердің жалпы қарызы 23,6 трлн теңгеге жеткен. Қаражаттың көп бөлігі инвестицияға емес, күнделікті шығындарға жұмсалуда», — дейді Ұ. Сәдібеков.

Сонымен қатар, ол бір көзден сатып алу тәсілін азайтуға әрекет болмаған, конкурстық рәсімдер айналып өтіп, сатып алу талаптары бұрмаланған жағдайлар кездесетінін жеткізді.

Депутат Сәдібеков бюджетке жауапты органдардың жұмысында формализм мен жауапсыздық басым екенін ашық айтты. Оның сөзінше, игерілмеген миллиардтар – тек қаржының ғана емес, мемлекеттік саясаттың әлсіздігі мен сенім дағдарысының айғағы.

“Нақты нәтиже көрсететін, тиімділікке негізделген жоспарлау жүйесіне көшу – уақыт талабы. Қазіргідей қаржы көп, нәтиже аз жүйе ел дамуына кедергі келтіреді,” — деп қорытындылады мәжілісмен.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.