27-09-19 |
3570 рет қаралған
Латын әліпбиі: Терминдер тағдыры не болмақ?.
Латын әліпбиі: Терминдер тағдыры не болмақ?

Республикалық әдістемелік семинардың өзектілігі – Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін терминдерді біріздендіру және іріктеу критерийлерін белгілеу, принциптерін айқындау.

Семинар ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтің кіріспе сөзімен ашылды.

Терминдерді іріктеу мен ресми бекітуге қойылатын негізгі талаптарды айқындау семинардағы баяндамалардың басты тақырыбы болды. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Ш.Құрманбайұлы өз баяндамасында терминдерді іріктеудің критерийлерін және принциптерін белгілеу мәселесін көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.

Келесі баяндамашы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қ.Күдеринова жаңа әліпбиге көшу барысындағы терминдердің жазылу үлгісі мәселесіне тоқталды.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Қ.Айдарбек терминологияның тілдік нормативтік шарттарын талқыға салды.

Еліміздегі танымал ғалымдар атсалысып жатқан «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру барысында кездескен қиыншылықтар мен оларды шешу жолдары жайында сөз алған Ұлттық аударма бюросының редакторы, философия ғылымдарының кандидаты Ә.Құранбек өз тәжірибесімен бөлісті.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты С.Итеғұлова терминтану ғылымының бүгінгі ахуалы мен терминжасамның басты қағидалары бойынша көпшілікке ақпарат беруге арналған электрондық алаңды таныстырды.

Сондай-ақ аталған әдістемелік семинарда бірқатар ғалымдар мен сала мамандары сөз алып, өз пікірлерін білдірді.

Ісшараға Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, жетекші ғалымдар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері, тіл саласы бойынша өңірлік басқарма басшылары мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Республикалық әдістемелік семинардың қорытындысы бойынша терминдерді іріктеу критерийлерін белгілеуге, принциптерін айқындауға бағытталған қарар қабылданды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.