Қазіргі таңда елімізде 698 мыңнан астам мүгедек жан бар екен. Дамыған елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, олардың отбасына да ауырлық тумауы үшін барлық жағдай жасалған. Ал отыз озық елдің бірі болуды мақсат еткен біздің мемлекетімізде осы талаптар қаншалықты ескерілген? Мұның кілті инклюзивті қоғам құрумен де байланысты.
Статистикалық деректер көрсетіп отырғандай соңғы бес жылда елімізде мүгедектігі бар адамдардың саны 7,5 пайызға көбейген. Мамандардың айтуынша, ересек адамдар арасында мүгедектіктің кең таралуына қан айналым жүйесі ауруларының көбеюі, онкологиялық аурулардың артуы, аяқ асты жарақат алу тікелей түрткі болып отыр. Мұндай көңілсіз сандар балалар мүгедектігіне қатысты да азаймай отыр. Ал балалар мүгедектігінің негізгі себебі туа біткен аномалия, жүйке жүйесі ауруларының көбеюіне келіп тіреледі.
Шыны керек мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көшеде, қоғамдық орындарда емін-еркін жүруіне тиімді жағдай жасау әлі толық шешілді дей алмаймыз. Көп қабатты үйлердегі пандустардың өзі кейде кемтарларға қолайсыздық тудырып, көзбояушылық үшін жасалған дүниенің жарамсыздығына дәлел болып жатады. Осының кесірінен мүмкіндігі шектеулі жандар көбінесе үйден шықпауға, ешқайда бармауға мәжбүр. Сондықтан қоғамымызда олардың бар жоғы білінбейді, көзге көп түспейді. Дәл осындай жолмен кемтарлар құқығын шектеп отырғанымыз өкінішті.
Бірақ «көзге көп түспейді екен» деп олардың одан әрі талап-тілегін ескермеу, емін-еркін жүруіне жағдай жасамау қоғамымыздың басты қателігі деуге болады. Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік мекемелерде пандустардың жоқтығы айтылып, жаппай орнатылғанымен, олардың көбісінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп түсуіне, қозғалуына қолайсыз екені талай мәрте айтылды.
Осы орайда 1 топ мүгедегі Маржан Нұрлыбаева: «Пандустың дұрыс жасалмағаны үшін жауапкершілік қарастыратын норма бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы норманың орындалуын қадағалауға міндетті және норма бұзылған жағдайда айыппұл салуы керек. Бірақ бұл органның қызметкерлері «мұнымен айналысуға уақытымыз жоқ» деп, бұл функцияны міндетті емес деп есептейтін секілді. Сөйтіп, толыққанды пандустың орнына, қысқа ғана тіп-тік етіп еңіс жер жасалған талай жер өзгеріссіз қалды. Құрылысшыларды бұл үшін ешкім де жазаламайды. Дыбысты бағдаршамдарға да қатысты айтарым осы. Ең болмаса халыққа қызмет көрсету орындарының, әкімдіктердің, емханалардың, оңалту орталықтарының маңында мүгедектердің жүріп тұруына еліміздің барлық өңірінде жағдай жасалса екен. Жас кезімде протезбен жүрдім. Қазір қартайғасын онымен де қимылдау оңай емес. Сондықтан арбамен жүремін. Алайда қалада қоларбамен қозғалу өте ыңғайсыз. Жаяу жүргінші жолдарында кедергі көп. Көп жерлерде пандус орнатылмаған. Болғанның өзінде икемге келмейді. Себебі ені тар, тік, екі жақты тұтқасы жоқ. Ал енді бір мекемеге барсаң табалдырықтан не есіктен кіре алмайсың. Әзірге мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін табалдырықтан биік тау жоқ сияқты. Сондықтан мен секілділердің көбісі үйден шықпауға тырысады» дейді.
Қоғамымызда мүгедектер білім алуға құқылы. Бірақ жоғары оқу орындарында да мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі ескерусіз қалған. Ол жерде тіпті мүгедектерге арналған арнайы әжетханалар да жоқ.
Мүгедектердің жұмысқа орналасуға да құқықтары бар. Еңбекке қабілетті мүгедектердің 95 пайызы жұмыссыз, ал 5 пайызы нашар көретін, нашар еститін жандарға арналған арнайы кәсіпорындарда ғана жұмыс істейді екен. Банктердің қызметі күн өткен сайын дамып, цифрлы жүйеге бет бұрған қоғамымызда да мүмкіндігі шектеулі жандардың қаржылық инклюзиясы шешімін таппаған өзекті мәселе болып отыр. Еліміздегі І және ІІ топтағы мүгедек жандардың көбі зейнетақы аударымдарының болмауына байланысты банктен несие ала алмаса, көз жанары мәңгілікке сөнген жандар үшін депозит ашу да арман. Өйткені, олар құжатқа қол қоя алмайды. Сондықтан олардың қаржылық қызмет алу құқығын заңнамамен ғана емес, нақты іс жүзінде де шешіп берсек дұрыс болар еді. Қоғамның мүгедектерді әлеуметтік тұрғыда шеттетілген немесе қоғамнан тыс қалған адам ретінде емес, әлеуметтік статустың бірі ретінде қабылдайтын кезі жетті. Өйткені олар қоғамның қолдауына зәру.
Маргарита Өскембаева, психолог:
– Қоғам мүгедектердің мәселесіне көз жұмып қарағаннан кейін, олар да өзін қоғамнан тыс өмір сүріп жүргендей сезінеді. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандар бала күнінен өз қызметінің шектеулі екендігіне үйренгендіктен, әрі көшеде өздігінен емін-еркін жүре алмағандықтан білім алу мен жұмысқа орналасу мәселелеріне енжар қарайды. Оларға өзін өзі жоғары бағалау жетіспейді. Сондықтан осы бағытта оларға арнайы курстар керек. Мұндай жағдайлар ақпараттың, әлеуметтік қолдаудың және ең маңыздысы ата-аналарының икемі жоқтығынан туындап жатады. Мүгедек бала дүниеге келген уақыттан бастап жұмыс жасай бастау керек. Ата-аналардың өздері ең алдымен олардың болашағына сеніммен қарап, осы ұстанымды балаға да жеткізе білгені жөн. Мүгедектерге толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер жүйесін құру қажет. Әлеуметтік көмекшілер мүгедектердің қолдары, аяғы, құлағы мен көзі болуы керек. Сол кезде олардың өздері де белсенді болып, кітапханаларға, концерттерге және т.б. жерлерге еркін бара бастайды. Көзтүрткі болудан қорыққан мүгедектер де үйлерінен шыға бастар еді. Шыны керек мүгедектеріміз қоғамның мейіріміне зәру.
Ләззат Қалтаева, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар жиі кездесетін негізгі мәселе олардың еңбекпен қамтылмауы дер едім. Жұмыс берушілер түрлі сылтаумен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алмауға тырысады. Жеткілікті түрде ақпаратпен қамтамасыз етілмей, әсіресе цифрлы жүйе жетістіктерін сезіне алмауы да мүмкіндігі шектеулі жандардың бір мәселесі болып отыр. Көп жағдайда азаматтардың мүгедектерге қарым-қатынасы қоғамның өзінің кедергілеріне емес, мүгедек адамның жеке басына деген көзқарасы сияқты қалыптасқан. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың да ортамен араласып, өз құқығын талап етуге енжарлық танытуы бүгінгі күні қоғамымызда қалыптасқан ахуалды өзгертуге кедергі болып отыр.
Р.Мәлікұлы
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024