Арай Қоңқасова, балалар психологі:
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан қолдау таппайтын кезі көп. Мұндайда ең алдымен зардап шегетін – кемтар бағып отырған ана ғана. Жалпы, сондай кіріптар жандар психолог көмегіне жүгіне ме?
– Қазіргі кезде елімізде мүмкіндігі шектеулі ересек жандарды қоспағанның өзінде 150 мыңнан аса мүгедек бала бар. Әрине, кемтар жандарға мемлекет тарапынан аз қолдау көрсетілмейді. «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмек көрсету туралы» заңдарда мемлекеттік көмектің реті тәптіштеп көрсетілген. Бірақ, қоғамның мүмкіндігі шектеулі балаларға деген көзқарасы өзгере қойған жоқ. Мұндай жағдаймен бетпе-бет келмеген соң балалар тұрмақ, ата-аналардың өзі кемтарларға оң қабақ танытпай, мүсіркегендерін ашық білдіріп жатады. Ал, сол мүсіркеген жандарға мұндай көзқарастың қалай әсер ететінін ойламайды да. Балалары қолын шошайтып, ұстап көріп, мазаққа айналдырып жатқанда да селт етпейтін ата-аналар бар. Өйткені, олардың түсінігінде, кемтар бала – жайсыз, жағдайы жоқ отбасында ғана дүниеге келеді. Рас, жүктілік кезінде күтіне алмай, дұрыс ем қабылдамай баласын шарасыздықтан дімкәс етіп дүниеге келтіретіндер жоқ емес. Бірақ, олар өте аз. Және кемтар балалардың көпшілігі туа бітті емес, жүре пайда болғандар. Біздің ешқайсымыз апаттан, төтенше жағдайдан сақтандырылмағанбыз. Көлік қағып кетіп те, жүріп келе жатқанда төбеңе ағаш құлап кетіп те мәңгілік арбаға таңылуға болады. Соны көп адамдар түсінбейді. Осыған орай, жұртшылықпен жиындар өткізгенде азаматтарды мүмкіндігі шектеулі жандарға мейіріммен қарауға шақырамын.
– Ал, психологтар тарапынан мұндай жандарға көмек көрсетіле ме?
– Біздің қоғам психологтар көмегіне жүгінуге әлі дағдылана қойған жоқ. Көпшілігі психологты психиатрмен шатастырып, маман кеңесіне тек жүйкесі ауыратын жандар жүгінуі тиіс деп ойлайды. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін мекемелер, мамандар психологтарды арнайы шақырып, көмек сұрап жатады. Бізде психологтарға сұраныс әлі де төмен. Бірақ, психологтар араласпаған соң ақсап жататын тұстарымыз әлі де көп. Мысалы, дүиеге әкелген сәбиі дімкәс болып туылған ананың жағдайы қандай болады? Баласының ертеңін ойлаған уайымшыл жандардың кейде өзі ауру жасап алуы мүмкін. Сондықтан, перзентханалармен де тығыз жұмыс жүргізіп, жаңа туған аналарға қолдау көрсетуді жолға түсірген жөн.
Бұдан бөлек, еліміздегі онкологиялық сырқатқа шалдыққандар да психологтың қолдауына зәру. Балалар ғана емес, олардың ата-анасына да көмек керек. Өйткені, мұндай сырқаттар көбінесе жүре келе пайда болады. Кеше ғана ойнақтап жүрген ұл-қызын дәрігерге апарып, ауыр сырқат туралы естіген ата-ананың жағдайын сөзбен жеткізу қиын. Медицина дамыды, қазір барлық сырқаттың емі бар дегенімізбен, онкологиялық аурулардың жазылатынына күмән көп. Мұндай хабарды естіген ата-аналардың баласына қолдау көрсетудің орнына өзін-өзі тастап, дүниеден баз кешіп кететініне талай куә болдық. Әрине, оңай емес. Бірақ, бұл да өмірдің сынағы. Оның үстіне, балалардың ағзасы жас. Олардың сырқатпен күресуі, ауруды жеңуі үшін ата-анасының қолдауы керек. Біздер кейде көзге көрініп, төрт мүшесі сау болмай тұрған жандарды ғана мүмкіндігі шектеулілер тобына жатқызып, онкологиялық ауруға шалдыққандарға аса көңіл бөлмей жатамыз. Ал, адамның жан жарасын емдеу, іштен меңдеген дертпен күнделікті толассыз күрес жүргізу одан да қиын. Осындайда ата-анаға да, балаға да психологиялық қолдау көрсету міндетіміз. Және мұны барлық ауруханаларда ұйымдастырған жөн. Дәрігерлер кімдерге қолдау керегін білген соң психологтарды өздері шақыруға мүдделік танытса нұр үстіне нұр болар еді.
– Ал, өзіңізге жеке келіп, көмек сұраған жандар болды ма?
– Мектепте жұмыс істейтін құрбым бір жолы көмек сұрады. Әйелі қайтыс болған ағасы күйзелістен араққа салынған екен. Балалары балабақшада деген соң арнайы іздеп бардым. Кірсем тәрбиешісі бір қыздың шашын тарап отыр. Менің іздегенім де сол қыз болып шықты. «Анасы қан обырынан көз жұмды. Өзінің күні жақындағанын білді ме, кетер кеткенше екі баласын табыстаумен болды. Жап-жас, сап-сау жүрген келіншек еді. Аяқ астынан осындай жағдайға тап болды. Және ұзақ та жүрмеді. Айналасы екі-үш айда көз жұмды. Қаралы хабарды айтып келген туыстарына қызды тапсырып жатып жүрегіміз қан жылады. Бірақ, тағдырдың ісіне шара бар ма? Енді міне, қырқы өтпей жатып әкелерінің араққа салынғанын естідік. Қыздың жүнжігені сондай, басы биттеп кеткен. Балалар ұйықтағанда жуындырып, басын қарап, битке қарсы дәрі жағып жүрмін. Басқа қолымыздан не келеді. Анасы барда шапқылап, жүгіріп ойнап жүрген бала еді. Қазір сөйлеуден қалды. Сағынышы сарытап болып, ішіне түсіп кете ме деп қорқамын» деді тәрбиеші жаны ашып. Содан бастап бес жасқа енді толған бүлдіршінмен сөйлесіп, алдарқатуға, ішіндегісін сыртқа шығаруына көмектестім. Інісіне қамқор болуы керектігін айтып, жауаптылығын оятуға тырыстым. Кейіннен қыз қатарына қайта қосылды. Әкесі де балаларының тозып кеткенін түсініп, арақты тастады. Мұндай қиындыққа шыдамай, сынып кететін жандар қаншама! Үлкендердің кесірінен қаншама бала осылай зардап шегіп, қараусыз қалып жатыр. Кішкентайлар өз құқығын қорғай да алмайды. Сондықтан, осындай қоғам назарынан тыс қалып жатқан жандарға да көмек керегін ұмытпауымыз керек.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды бөлек мектептерге оқытып, ортасынан бөліп жатамыз. Осы қаншалықты дұрыс?
– Бұл енді таза қажеттіліктен қалыптасып отырған дүние. Өйткені, қол, аяғы кеміс жандар өз қатарластарымен білім алса, еш қиналмауы мүмкін. Олардың сана-сезімі, ақыл-ойы қалыпты. Ал, ойлау қабылеті төмен балаларды жалпы мектепте оқытуға болмайды. Кейбір ата-аналардың баланы ынталандыру үшін осындау қадамға баруы мүмкін. Бірақ, өз қатарынан қалып қою балаға екі есе салмақ салады. Сондықтан, арнайы мектептерде оқытудан қандай да бір мәселе жасаудың қажеті жоқ.
– Сөз басында өзіңіз айтып өткендей мүмкіндігі шектеулі жандарды шұқып көрсетіп, шеттетіндер бар. Мұндай көзқарастан қалай арыламыз?
– Мұндай қадамға дені сау адам бармайды. Балалар білместікпен кемтар жандардың көңіліне тиюі, жан жарасын қозғайтын сауал қоюы мүмкін. Кері көзқарастан арылу үшін балабақша, мектептерден бастап мүгедектерге мейіріммен қарауды, қамқорлық көрсетуді балаларға үйрету керек. Оң тәрбие отбасында да үнемі назарда ұсталғаны жөн. Сонда ғана арбамен кетіп бара жатқан баланы түзу жолға салып, зағиптарды жетектеп жолдан өткізетін жанашыр балалар көбейеді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Нұрлан Шынтаев
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024