Бүгін Семейде ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Оған өңір жастары мен мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері қатысты. Кеңестің талқылаған тақырыбы – лудомания.
Кеңеске қатысқан ҚР мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылдағы Қазақстандағы казинолар мен букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымын ұсынды.
Еліміздегі букмекерлік кеңселер мен казинолардың 1 күндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жеткен. Мысалы:
2020 жылы – 89 миллиард теңге.
2022 жылы – 500 миллиард теңге.
2023 жылы – 1 триллион теңгеден асады.
Бұл дертті қалай жеңеміз? Статистика сұмдық! Қараңыздар: 1 қазақстандықтың букмекерлік кеңселер мен казинолар алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңге. Ажырасқан 10 жұптың 7-і лудоманияның салдарынан екі жаққа кетеді – дейді мәжілісмен.
Қазір Қазақстанда 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында бәс тігеді. Жарнамасы жер жарады. Биылдың өзінде онлайн құмар ойынды жарнамалаған 1783 интернет ресурс бұғатталған.
Лудоманиядан адамды емдеу мүмкін бе? Ресми дерек: 1 ойыншыны емдеуге кемінде 5 ай керек. Емнің әр айына 600 мың теңге жұмсау керек. Бірақ бұл да шешім емес. Мамандар бір дерек айтты, 9 жыл лудоманиядан емделген адам орталықтан шыға сала қайтадан құмар ойынға салынып кеткен. Казинолар мен букмекерлік кеңселерді, ойлайн казиноларды толық жабу керек пе? Әлде тек жарнамасын тоқтату керек пе? – деп сауал тастайды депутат.
arasha.kz
ФОТО: nadezhda.kz