Біз
әлеуметтік
желіде
07-03-25 |
250 рет қаралған
Лудомания – ғасыр дерті.

Лудоманияның залалы орасан. Бүгінгідей медицина мен психология дамыған заманда араққа құмар жандарды емдеуге болады. Сонымен қатар есірткі мен нашаға еліткендерді де есін жиғызып, қалыпты өмірге оралтудың түрлі заманауи әдісі бар. Әрі мұндай әдістердің тиімді, нәтижелі болғанына мысал жеткілікті. Әсіресе, арақтан, есірткіден бас тартып, жаңа өмір бастаған жандардың талпынысы көңілге қуаныш сыйлайды. Ал енді ойынқұмарлыққа салынып, лудомания дерті дендеген жандарды жазу, құмарлықтан бас тартқызу өте қиын.

Бұрын некенің бұзылуын, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың етек алуын әлеуметтік жағдайдың төмендігімен, мінездің үйлеспеуімен, туыстар арасындағы сыйластықтың жоқтығымен байланыстырып жататын. Жұмыссыздық, арақ пен есірткіге тәуелді болу да ажырасудың бір себебі ретінде көрсетілетін. Соңғы жылдары бұл қатарға лудомания қосылды. Әсіресе, жастар арасында ойынға бәс тігіп, материалдық мүмкіндігіне қарамай құмар ойынға қызығатындардың көптігі отбасы құндылығының төмендеуіне, некенің бұзылуына түрткі болуда.

Құмар ойындарға тәуелділіктің қасыреті ауыр. Есіл-дерті ойын болған жандардың жұмыс істеуге, еңбек етуге құлқы болмайды. Оңай ақшаға, тез ұтысты болуға құмартқан жандар ойынға қосылу үшін барынан айырылады. Ақшасы, дүниесі қалмаған кезде жақындарының бағалы заттарын ұрлаудан, қылмыс жасаудан тайынбайды. Отбасылық құндылықтың орнын ойынға деген құмарлық жеңгенде лудомандар туыс, жақын, жұбайы мен балаларының тағдырына бас ауыртпайтын болады. Оның бар мақсаты – ұтысқа тігетін ақша тауып, ойынханаға кіру, қарсыластарын жеңу болып қалады. Мұндай жандарға ойыннан сырт қалудан өткен қорқыныш жоқ. Содан болар, оның ашулануы, қуануы, қайғыруы тек ойынмен байланысты бола бастайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің психикалық денсаулық орталығы келтірген статистикалық дерекке сәйкес, бір жылда төрт жүз мың тұрғын букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларға бәс тігеді. Олардың басым бөлігі өрімдей жастар. Бұл өте қауіпті тенденция. Өмірін енді бастаған жастардың мақсатты уақытын пайдалы дүниеге арнаудың орнына, ойын үстелінде өткізуі бәрімізді ойландыруы керек.

Ойынханаларға тәуелді жастардың көбейіп, өмірін бүлдіргендер санының артуына алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға лудоманияны заңдық тұрғыдан ауыздықтаудың тетіктерін жасауды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  заңы қабылданды.

Президент Үкіметке нақты тапсырма жүктей отырып, заңнамада букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды және онлайн-казиноларды жарнамалауға тыйым салудың нақты тетігін айқындауды міндеттеді. Сонымен бірге, жастардың ертеңіне алаңдаған Мемлекет басшысы құмар ойынға қызығатын азаматтардың жасына шектеу қою қажеттігін атап өтті.  Сондай-ақ заңда берешегі бар адамдардың құмар ойынға қатысуына тыйым салынуы маңызды екені айтылды.

Шынында ұл-қызына алимент төлей алмай, банктер алдындағы несиесін уақытылы қайтара алмай, берешегі күн өткен сайын өскен борышкерлердің құмар ойынға деген қызығушылығын заңмен шектеу кезек күттірмейтін еді. Ойынға берілген мұндай жауапсыз борышкерлердің кесірінен олардың жақындары, еш кінәсі жоқ балалары зардап шегеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған заңда осы талаптардың барлығы шешімін тапты. Заңдағы ең бір маңызды жаңашылдықты да атап кетпеуге болмайды. Жаңа құжатқа сәйкес, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарын ойнауына қатаң тыйым салынды. Мемлекеттік қызмет пен лудомания кереғар ұғым. Халыққа үлгі көрсетуге тиіс, мемлекеттің айнасы саналатын мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындарға тәуелді болуы жақсылықтың нышаны емес. «Өзің дуанасың, кімге үлгі болғандайсың» дегенді бабаларымыз өз деңгейіне сай келмейтіносындай жандарға қаратып айтса керек. Сондықтан бос уақытында казиноға барып, немесе құмар ойындарының басқа түрлеріне қызығушылық танытқан мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік қызметте енді орын жоқ. Осылайша әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындар мен бәс тігулерге қатысу құқығынан толықтай айырылады. Бұл әділ талап. Мұндай мәселенің заңнама шеңберінде реттелеуі дұрыс қадам.

Жаңа заңның тәжірибеге енгізілуі букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар жарнамасына да белгілі бір шектеулер қойғанын айта кеткеніміз жөн. Айталық қазір букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ашық жарнамалауға рұқсат етілмейді. Сонымен бірге, құмар ойындар орталығын көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видеотаспаларда жарнамалауға да қатаң тыйым салынып отыр. Осындай бірыңғай талаптың арқасында енді спорт жарыстарына, додаларға бәс тігушілердің ашық жарнама жасауына да рұқсат берілмейтін болды. Ал бұрын мұндай тыйым болмағандықтан, соңғы тиынына дейін бәске салып, қарызға бататындар көп еді. Сондай-ақ Алматы облысы Қонаев қаласындағы, Ақмола облысы Бурабай ауданындағы ойын аймақтарынан басқа жерлерде казино, букмекерлік кеңселер, ойын автоматтарын құрып, табыс тапқысы келгендер қатаң жазаланатын болды.

2024 жылғы наурыздан бастап қазақстандықтар, сондай-ақ республикада тұрақты тұратын шетелдіктер «egov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуды және бәс тігуді 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алатынын да жаңа заңның нәтижесінде қолға алынған тиімді бастама дегеніміз абзал. Бүгінгі таңда бұл қызметті 110 мыңнан астам адам оңтайлы пайдаланып отыр. Осының өзі заңның халыққа пайдалы болғанын дәлелдесе керек.

Заң қазір қолданыста. Дегенмен, лудоманияның мәселесін бір ғана заңның көмегімен жолға қою мүмкін емес. Сондықтан, бұл кеселдің салдарымен күресіп қоймай, себебіне үңілген, ойынға тәуелділікті көп болып реттеген оң нәтиже бермек. Осыны ескерген құзырлы органдар лудоманияға қарсы іс-қимылға бағытталған «Құмар ойындардың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспарын» әзірлеп, аталмыш жоспарға сәйкес жұмыстар атқаруда. Соның ішінде бүгінде халық арасында құмар ойындарға тәуелділікті анықтау, лудомандарды емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап кеткен жөн. Мемлекет есебінен құмар ойындарға патологиялық тәуелділерді тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту мәселесі де жыл сайын шешімін тауып келеді. Мұндай пәрменді іс-шаралар еліміздегі құмар ойынға тәуелді жандардың санын төмендетуге ықпал етері күмәнсіз.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.