09-10-18 |
14570 рет қаралған
«Ұлыма айтарым» кімдікі?.
«Ұлыма айтарым» кімдікі?

Ақпараттық-коммуникациялық құралдар дамып, ақпарат алмасудың, адамдардың қоғаммен байланысы дамыған сайын сонымен бірге көптеген проблемалар да туындады. Соның бірі – авторлық құқық мәселесі. Әлеуметтік желіде жарияланған белгілі адамға тиесілі оның өзінің жеке парақшасындағы жазбаны қызықты, мағыналы мазмұнына қарай көптеген желі қолданушылары бөлісіп жатады. Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушылары мәліметтің, жазбаның дереккөзін көрсетуді қажет деп таппайтын сәттер де жиі кездеседі. Соның салдарынан желі арқылы мыңдаған адамдарға тараған кейбір жазбалардың авторлығына басқа адамдар телініп, оған жазбаға, авторға қатыссыз суреттер қойылып, мұның соңы түсінбестік, дау-шарға әкеп соғып жатады. Мәселен, журналист Динара Болат 2016 жылдың 15 қаңтарында «Ұлыма айтарым» атты аналық ақыл-кеңесін facebook әлеуметтік желіде жариялаған.

Уақыты өте келе бұл жазба көп таралып, ол Бауыржан Момышұлына теліне бастайды.

фото - Динара Болаттың facebook-тегі парақшасынан алынды
фото – Динара Болаттың facebook-тегі парақшасынан алынды

Динара Болат, журналист, «Ұлыма айтарым» жазбасының авторы:

– «Ұлыма айтарымды» көптеген сайттар авторын көрсетпей көшіріп басты. Көптігі сонша олардың бәріне хабарласып, ескерту жасауға мүмкін болмады. Сосын кейінгі екі жылда instagram желісінде менің жазбам Бауыржан Момышұлына телініп, сол кісінің айтқаны екен делініп жариялана бастады. Көп қолданушылар оны көріп, «Динара мынау Сіздің жазбаңыз емес пе?» деп хабарласып жатты. Әрине, менің жазғаным Бауыржан Момышұлына телініп жатса, оған қуанам. Өйткені ол кісінің тарихи тұлғасын, қазақ ер азаматының, ерліктің этоланы екенін жақсы білем әрі құрметпен қараймын. Дегенмен, «Ұлыма айтарым» – балам Хақназарға арналған жеке жазба еді. Ол әуелде қағазға түсіріліп, кейін әлеуметтік желіге жарияланды. Ұлымның жеке басының ауыр жағдайдағы кезінде жазылған дүние болғандықтан ол соған ғана тиесілі болса деймін. Балам өскенде жазбаның өзіне арналғанын оқып, жауапкершілік сезінгенін қалаймын. Әлбетте, жазбаның мазмұны көптеген адамдарға бала тәрбиесінде аналық-кеңес ретінде ұнайтыны рас. Оны бәлкім бала тәрбиесінде пайдаланар. Ал Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабының бірінші шығарылымын тауып оқығанмын. Онда менің «Ұлыма айтарым» сынды нәрсе жоқ болатын. Кейінгі басылымдарын оқымадым.

Ал «Бабалар аманаты» кітабының редакторы Айгүл Болатханқызы болса, екі мәтіннің түпнұсқасын қарап шыққан соң, әлеуметтік желіде таралған жазбаның Динара Болаттікі екенін растап, мұндай дау-дамайлар кейбір желі қолданушылардың авторды, дереккөзді көрсетпей таратуынан, бөлісуінен шығады дейді.

фото – Айгүл Болатханқызының facebook-тегі парақшасынан алынды

Айгүл Болатханқызы:

– Динара Болаттың жазбасына қатысты әлеуметтік желіде біраз дау болды. Шыны керек, оған мен де араластым. Өйткені ол жазба Бауыржан Момышұлына телініп жүрді. Сөйтіп, бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін facebook-тегі Динара Болаттың жазбасы мен Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабындағы Бауыржан Момышұлының бала тәрбиесіне қатысты жерлерін салыстырып шықтым.

Екеуі екі басқа дүние. Бір-біріне мазмұндық, стилдік тұрғыдан да ұқсамайды. Ал даудың шығуы Динараның жазбасын бөліскен, әрі қарай бөлісіп таратқан жүздеген адамның кейбірі жазба авторын көрсетпеген, сөйтіп, оны біреу авторы Бауыржан Момышұлы деп «теліп» жіберген. Солайша, Динараның жазбасы Момышұлының айтқандары болып таралып кеткен. Басын ашып айтарым, желіде таралған «Ұлыма айтарымның» Б.Момышұлына да қатысы жоқ, Зейнеп Ахметованікі де емес. Ол – Динара Болаттың өз ұлына жазған аналық ақыл-кеңесі. Мұны «Бабалар аманаты» кітабының редакторы ретінде де растаймын. Жалпы, желіде осы тектес даулар көп. Сондықтан да әр әлеуметтік желі қолданушысы әлдебір жазбаны бөліскенде мұқият болып, оның қайнары көзін, дереккөзін, авторын нақтылап барып қана бөліскені жөн болар еді. Әйтпесе, тариxи тұлғаларға телініп кеткен өзге адамдардың сөзі, қолды болған ақындардың өлеңдері желіде өте көп таралып жүр. Сол үшін де әрбір желі қолданушысы жауапкершілікті жете сезінсе дейміз.

Міне, осылайша, бір жазбаның төңірегіндегі дау шешілгендей. Алайда, әлеуметтік желідегі осы тектес дүниелердің көбеюі алаңдатады. Алдағы уақытта біз сарапшылар мен мамандардың бұл тақырыпқа қатысты пікірлерін, кеңестерін жариялайтын боламыз. Ал Динара Болаттың Бауыржан Момышұлына телінген жазбасы көптеген сайттарда және олардың ресми парақшаларында әлі де Б.Момышұлынікі деп көрсетіліп тұр.

arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.