Magnum дүкендер желісінің курьері мен шағымданушы татуласқандары туралы видеоүндеу жолдады.
Асылхан есімді тапсырыс беруші мен Еркін есімді курьер бір-бірімен кездесіп, бір-бірінен кешірім сұраған.
«Соңғы күндері әлеуметтік желіде маған және Magnum-ға қатысты әңгіме болып жатыр. Соны түсіндіріп кетсем деймін. Алдымен баршаңызға қолдау үшін рақмет айтамын. Өмір болған соң кейін түсінбестік болып тұрады. Бірақ бәріміз қазақпыз ғой. Елімізге тыныштық пен татулық керек. Біз кездесіп, татуласып, қол алыстық», — деді Еркін.
Курьер дүкен желісінде жұмысын жалғастырып жатқанын жеткізді.
«Бәрі жақсы, жұмыс берушіге ешқандай шағым жоқ. Осымен мәселеге нүкте қойып, тоқтасақ деймін. Бәріміз бір қазақпыз, үлкен рақмет», -деді ол.
Асылхан да қателігін түсінгенін алға тартты.
«Қадірлі ағайын! Мұндай жағдайдың болғаны өкінішті. Қатемізді түсіндік. Ал екеуіміздің бір-бірімізге ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Баршыңызға рақмет», — деді ол.