Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев соңғы кездері қоғамда үлкен резананс тудырған Магнум дүкені төңірегіндегі мәселеге қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, манипуляцияға жол беруге болмайды. Бұл тек Еңбек кодексі аясында реттелетін дүние.
«Бұл жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы. Одан бір саяси, қоғамдық резонанс тудырып, қазақ тілі қорланып жатыр деген әңгіме емес. Бұл – жеке бастың дауы. Оны жазып алған бейнекамералар жоқ. Қандай әңгіме айтылғанын біз білмейміз. Сол себептен, менің ойымша, Магнум да, қоғамдағы көп белсенділер де тек манипуляцияға алданып отырған сияқты. Ол біздің ішіміздегі кәсіпкер, қаншама қызмет беріп жатыр. Қаншама қазақ жастары Магнумда жұмыс істеп жүр», — деді депутат.
Оның ойынша бұл екі қазақ баласының арасындағы конфликт. Сондықтан одан дау тудырып қажет емес, оның салдарынан қаншама адам жұмыссыз қалуы мүмкін деп есептейді.
«Сіздер де, бұқаралық ақпарат құралдары, осындай тексерілмеген, нақты ақпараты жоқ, баяғыда айтатын еді ғой «самаурыннан су кетті десе, Самарқандты су алды деген» әңгіменің пұшпағында кетудің қажеті жоқ. Қою керек қой ондай нәрсені. Оны Парламентте немесе сіздер талқылайтын дүние емес», — деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетсек, өткен аптада Магнум дүкенінің курері клиентке қазақша сөйле дегені үшін жұмыстан қуылған болатын. Осыған байланысты қоғамда тілге қатысты дау туындап, халық аталған дүкенге жаппай бойкот жариялаған еді.