08-09-21 |
4000 рет қаралған
Мәлімдеме: Бұл – «Мен – қазақпын» деген әрбір адамның қасиетті міндеті.
Мәлімдеме: Бұл – «Мен – қазақпын» деген әрбір адамның қасиетті міндеті

Бүгін Алматыда қоғам қайраткері Дос Көшім мен белгілі заңгер Абзал Құспан Қазақстандағы «Тіл майданы» қозғалысы мен қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін үстінен қылмыстық іс қозғалып, елден кеткен Қуат Ахметов жайын баяндап, баспасөз жиынын өткізді.
Жиын барысында олар арнайы мәлімдеме жасап, кейінгі кезде қоғамдық-саяси күн тәртібіне қайта шыққан қазақ тілі мәселесіне тоқталды.

«Бір ғасырдан кейін, Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялап, қазақ тілі мемлектетік тіл статусына ие болғанына 30 жыл болғанда, өзінің ана тілін – мемлекеттік тілді қорғаған, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуын талап еткен азамат – Қуат Ахметов елден кетуге мәжбүр болды.
Ол ештеңе бүлдірген жоқ, ешқандай заңды бұзған жоқ; Арыс пен Тараздағы жарылысқа да, елдегі жемқорлық пен жағымпаздыққа да, керек десеңіз, әділетсіз сайлауға да қатысы жоқ. Ол – біз секілді қарапайым жандардың бірі. Оның бар кінәсі – мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, барлық жерде екі тілдегі мәтіннің болуын талап ету. Бұл – тек Қуат Ахметовтың талабы емес, өзінің ана тілінде ақпарат алғысы келетін миллиондаған қазақ тілді азаматтардың талабы«, – дей келіп тіл мәселесінен ұлтаралық пробелма іздеудің қажеті жоқтығын алға тартады.

«Тілдік мәселенің – ұлттық не ұлтаралық мәселеге ешқандай қатысы жоқ. «Орыс тілді» деген сөздің ауқымына миллиондаған қазақтар, басқа ұлт өкілдері кіреді. Сол сияқты, «қазақ тілді» деген терминнің ішінде жүз мыңдаған Герольд Бельгерлер мен Асылы Османдар жүр. Тілдің қолданысы – әлеуметтік-лингвистикалық мәселе. Бірақ, қазақ тілінің қолданылу деңгейінің күшейіп келе жатқанын көрген орыс тілді билік және шовинистік бағыттағы топтар мен адамдар тілдік мәселеден ұлттық, ұлтаралық мәселе жасауға күш салып отыр. Президент Қ.Тоқаев кешегі Жолдауында: «Орыс тілі – ресми тіл», – дей келе, заңда көрсетілген «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді айтпай кеткені – осы бағытты ашық қолдауы деп түсінуіміз керек. Әңгіме Қазақстандағы орыс тілінің жағдайында емес, әңгіме – қазақ тілінің қоғамдық өмірде қолданылуында«, – делінген мәлімдемеде.

Мәлімдемеде: «Қазақ тілінің мәселесін сөз қылғанда, орыс тілі туралы сөз қозғаған адам – нағыз арандатушы» дей келіп: «Билікте, шовинистік топтар мен Ресейдің саясаткерлерінің арасында Қуат Ахметовтың, «Тіл майданының» саналы түрде, заңдық негізде жұмыс істегені үрей тудырды. Оларға айқайшыл, аттаншыл қазақ ұлтшылдары керек болатын. Бірақ, оларды Қуаттың «мына жерде «молоко» деген жазудың қасына, ҚР заңына сәйкес «сүт» деген жазу керек» деген талабы тығырыққа тіреді. Оның «қазақ тілінде қызмет көрсетпейміз» дегендерге «онда біз прокуратаға шағымданамыз» деген сөздері тығырыққа тіреді. Соңғы жылдары «Тіл майданының» осы бір қарапайым талабынан еліміздегі прокурорлар мен соттар тығылатын, қашқақтайтын жағдайға жетті«, – деп Қуат Ахметовтің тіл күресі де айтылады.

Сондай-ақ тіл мәселесіне қатысты билікке де сын айтылған мәлімдемеде.

«Әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдауы – адам құқығына жатады. Оған ешқандай заңның қажеті жоқ. Өкінішке орай, орыс тілді жандардың басым көпшілігі бұрынғы империялық, ұлы державалық, кеңестік кезеңдегі қалыппен: «Бізбен сөйлесу үшін – біздің тілімізді білулерің керек, ал біз сендермен сөйлесу үшін сендердің тілдеріңді үйренбейміз», – дегеннен танбай отыр. Олар өздерінің отары болған, сол уақытта «екінші сортты» болып есептелетін ұлттың тілінде сөйлеуді, сол тілді пайдалануды өздеріне кемшілік деп санайды. Басқа елдер олардың осы бір менмендік ауруын мемлекеттік тілге заң арқылы қажеттілік жасау арқылы жазып алды. Ал біздің билік орыс тілді азаматтарды сылтауратып, соларды алға тартып, өздерінің мемлекеттік тілді дамытпауға бағытталған іс-әрекеттерін жасырып отыр«, – дейді мәлімдеме авторлары.

Мәлімдемеде Қуат Ахметовті қолдаудың жалғыз жолы «Тіл майданы» жұмысын одан әрі жалғастыру екені айтылады.

«Ұлтымыздың, мемлекетіміздің Тілін тірілту, шын мәнінде қажеттілікке айналдырудың жалғыз жолы – оны барлық салада қолдану; барлық жерде қазақ тілінде сөйлеу, барлық жерде қазақ тілінде жазу. Қуат Ахметовті қолдаудың жалғыз жолы – Қуаттың, «Тіл майданның» жұмысын одан әрі жалғастыру. Бұл – «Мен – қазақпын» деген әрбір адамның қасиетті міндеті!»,- делінген мәлімдемеде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.