Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жою туралы петиция пайда болды. Бұл НАО «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасарының 400 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынғанынан кейін орын алып отыр.
«Жақында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасы төрағасының орынбасары қамауға алынды. Оны халыққа медициналық қызмет көрсетуге бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты жүйелі түрде жымқырды деп күдіктеуде. Шын мәнінде бұл қызметтер көрсетілмеген. Отыз мыңнан астам жалған жазбалар анықталды. (…) Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, осы петицияға қол қойғандар, МӘМС жүйесін жоюды талап етеміз. Оның тиімсіз екені уақытпен дәлелденді», – делінген GosRating.com сайтындағы петиция бетінде.
Петиция авторы – қазақстандық Айгүл Омарова. Ол қазақстандықтардың медициналық қызмет сапасына наразы екенін алға тартады.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесі тиімсіздігі, ашық болмауы және денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелерді шеше алмауы үшін сынға ұшырап отыр.
«Жарна төлеп жүрген адамдар апталап жас маманға кезек күткісі келмегендіктен, ақылы дәрігерлерге жүгінуге мәжбүр», – дейді автор.
Сондай-ақ, медициналық қауымдастық өкілдерінің де бұл жүйені реформалау қажеттігін айтып жүргені атап өтілген.