Ұлттық құндылықтарға қатысты Парламент Сенатында арнайы мәселе көтерілді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына арнайы депутаттық сауал жолдады.
Депутаттық сауалында: «Ұлттық құндылықтарға қатысты Сенатта соңғы екі жылдың ішінде 2 парламенттік тыңдау, 3 дөңгелек үстел, 3 кездесу, 3 комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілді. Үкімет пен орталық атқарушы органдарға ұсынымдар жолданды. Осы мәселелерге қатысты 10 депутаттық сауал жасалды. Алайда, Үкімет Сенаттың жолдаған ұсынымдарына тек бірыңғай «сырғытпа» жауап жолдауда. Берілген ұсынымдар ескеріле бермейді. Сонда біз бұл мәселелерді қашанғы сөз ете береміз? Мәселен, «Интернет желілерде және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында ұлттық руханиятқа жат, теріс құндылықтарды дәріптейтін ақпараттарға тұрақты түрде талдамалық шолу жасап, Ұлттық баяндама әзірлеу және оны мемлекеттік басқару институттарына жолдау» жөніндегі ұсыным назардан мүлдем тыс қалды» дейді.
Президент өз Жолдауында «Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде» нақты тапсырма бергені белгілі. Осыған орай сенатор Үкіметке «Осы тапсырманың орындалуы қалай? Нақты не істелді?» деген сауалдар қойған.
Сондай-ақ сенатор сауалында мәдениет секторындағы маңызды мәселелердің елеусіз қалып жатқанын тілге тиек етеді.
Онда: «Бүгінде креативті экономиканың әлемдік экономикаға қосқан үлесі 3 %-ға жетті. Мәдени және шығармашылық индустрия жылына 2,250 трлн АҚШ долларын әкеледі. Әлем бойынша Мәдениет секторында 30 млн. адам жұмыс істейді. Осы салаға он шақты жыл бұрын ғана мемлекеттік деңгейде мән берген Оңтүстік Кореяның креативті экспортының көлемі 12 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Үкімет, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыруға арналған кешенді жоспарды 2022 жылы бекітерде, осы мәселені Сенат қабырғасында талқыладық. Сонда «Креативті индустриядағы ЖІӨ үлесі 5% жетеді, 80 мың жұмыс орнын ашылады. 3 мыңға жуық мәдениет ұйымдарының әлеуетін креативті идеяларға ашықтығы мен жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға толықтай қолжетімділік қамтамасыз етіледі» деген уәделер айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар орындалды ма?
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия», «Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен», «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек», «Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп…» тапсырды» дейді сенатор.
Жақында Сенат Төрағасының бастамасымен құрылған «Ұлттық мүдде» диалог алаңының» кезекті отырысы да «Әділетті Қазақстанның ұлттық құндылықтары» тақырыбына арналған еді. Отырысқа қатысқан сарапшылар ұлттық архитектураны жасау, ұлттың имиджін қалыптастыру, салт-дәстүрді балабақша, мектеп қабырғасында дәріптеу, жастар санасына сіңіру, ұлттық әдебиетті кешенді түрде қолдау, дін мен дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ету, осы бағаттар бойынша кешенді шаралар қабылдау және ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылағанын жеткізді.
«Мәселе көтерілмей жатқан жоқ. Айтудан кенде емеспіз. Бірақ нәтиже шамалы. Осы ретте «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсету, халық денсаулығын жақсарту бағыттарын қаржындыландырумен айналысып жатқанын білеміз. Сондай-ақ қазір заңсыз жолмен иемденген қаражаттарды қайтарып, оларды мектептер салуға жұмсап жатырмыз. Мұның бәрі дұрыс, қолдаймыз. Дегенмен, «Малым – жанымның, Жаным – арымның садағасы» дегенді айтқан халықпыз. Рухани саулықты тән саулығынан жоғары қойған ұлағатты елдің ұрпақтары ретінде жоғарыда аталған қаржы көздерін және Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару аясындағы қаражаттар түсетін Арнаулы мемлекеттік қордың әлеуеттерін ұлттық креативті индустрияны, оның ішінде ұлттық құндылықтарымызды қолдауға бағыттау аса қажет» дейді сенатор.
Ұлттық құндылықтар ұлт қорғаны екені даусыз. «Салт-дәстүр, Тіл, мәдениет, әдебиет, руханият. Жаһандық құбылыстарға қарсы тұра алатын осы құндылықтарды сақтау мен дәріптеуді мемлекеттік істің басым бағытына айналдыру қажет деп есептейміз. Көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін ескере отырып және Сенаттың жоғарыда аталған ұсынымдарының іске асуын жан-жақты талдап, Үкіметтің ұстанымын депутаттардың назарына жеткізу үшін, Сіздің, салаға жетекшілік ететін орынбасарыңыздың Палатаның жалпы отырысына қатысып ақпарат беруін сұраймын» делінген.