Алматы, Астана секілді ірі қала орталықтарында болмаса өңірлерде педагог мамандар жетіспейді. Әсіресе, жаңа оқу бағдарламасына сай қаладағы білім ордалары кейбір пәндерді ағылшынша оқытуға құлшыныс танытып отырған тұста ауылдық жерлерде тіл үйрететін мұғалімдердің жоқтығы басы ашық мәселе. Соның кесірінен елдімекендердегі балалар үш тіл тұрмақ, екі тілді еркін біліп шығуға мүмкіндік ала алмай отыр.
Биылғы жылғы статистика республика мектептеріндегі кадр тапшылығының әлі де жойылмай тұрғанын көрсетті. Тіпті, жас мамандарды ынталандыру тетіктері енгізіліп, «Дипломмен ауылға» жобасы да өзін толық ақтай алмағанын өмірдің өзі алға шығарды. Енді не істеген жөн? Қатарластарынан кенже қалып қоятын ауыл балаларының білімін көтеру үшін не істеген дұрыс? Бұл мәселе әр өңірде әрқалай шешілуде. Көптеген мектеп директорлары жас мамандар тұрақтамағандықтан зейнетке шыққан тәжірибелі ұстаздардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал жастар айлықтың аздығына шыдамайды. Оның үстіне, енді ғана оқу бітіріп келген жас ұстаздарды жұмсайтын, әсірін жүргізгісі келетін жандар да көп. Келе салып өз қызметінен бөлек қосымша шаруалардың астында қалған, қағазға көмілген, не онысы үшін алатын алғысы жоқ жас мамандардың нәпақасын сырттан іздеуінің сыры осында. Ал жастарды тұрақтандыра алмаған соң зейнеттегі ұстаздарға күні қараған мектептерде жоғары сапа қайдан болсын! Өйткені, ұстаздардың өзі 63 жаста ізденуге күштің де, ынтаның да болмайтынын жасырмайды. Сонымен бірге, жас қосқан сайын жадыңда оқығаныңды сақтау да қиындап, жаңа заман талабына сай білім беру де мүмкін болмай қалады. Бұл педагогтардың зейнет жасын бұрынғысынша 58 жастан асырмаған дұрыс деген ортақ пікіріне негіз болуда.
Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған жандардың зейнет жасын жақындатуға қоғамның да қарсылығы жоқ. Бала тәрбиелеудің, балаға қаріп танытудың қаншалықты азапты, мехнатты жұмыс екенін білетіндердің барлығы мұғалімдердің бұрынғыдай 58 жасында бейнеттің зейнетін көруіне тілекші. Мұндай талаптың орындалар сәті алыс еместігін жақында Парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова да айтып, ұстаздар пікірінің алдағы уақытта жасалатын «Медагог мәртебесі туралы» заңда ескерілетінін жеткізді. Дұрыс-ақ. Еңбегі сіңген, өз міндетін адал атқарған мұғалімдерді зейнетке жіберерміз. Алайда, олардың орнын басатын кадрлар табуға шамамыз жете ме? Қазірдің өзінде жұмыстан шаршаған ұстаздарды зейнетке жібермей жұмыс істетіп отырған мектептер жетерлік. Алысқа бармай-ақ, Астана іргесіндегі Қарағанды мектептерін алайық.
Ресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде тек Қарағанды қаласының өзінде әртүрлі пәндер мен бастауыш сыныптарға 400-ге тарта мұғалім жетіспейді екен. Жастарды ынталандырудың жолын таппаған білім басқармасындағылар осыдан кейін ел үкіметіне арнайы хат жазып, кадр тапшылығын жою үшін жас ұстаздардың жалақысын көтеруді, әлеуметтік жеңілдіктер жасауды сұраған болатын. Бұл жерде де маман жетіспеген соң амалсыздан қарт ұстаздарды зейнетке шықса да, демалысқа жібермей ұстап отырғандар көп. Қаладағы мектептердің бірінде қырық жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ардақ Нүсіп қызының айтуынша, кейінгі жастарда мұғалім болуға деген қызығушылық жоқ. «Колледж бітіріп келген екі қызға жол көрсетіп, қамқорлық жасадым. Білмегенін үйретіп, жұмысқа ынталандыруға тырыстым. Бірақ, екеуінің де көзінде от жоқ. Жүрегің қалаған мамандыққа қабылданғанда шаршағаныңды білмейсің ғой. Ал олар не айтсаң да мүлгіп, селқос тыңдап отырады. Өзінше ізденейін, өзімді көрсетейін демейді. Балалармен жұмыс істеуде де жаңашылдыққа ұмтылғанын көрмедім. Егер өзі қаламаса бұл мамандықты неге оқыған? Неге мектепке келген? Соған қарап кейінгі жастар әйтеуір диплом алу үшін оқуға түсе сала ма деген ойға келдім» дейді тәжірибелі ұстаз.
Дәл осы пікірді биыл зейнетке шыққан Советхан Сарғожақызынан да естідік. «Мұғалім – мектептің жүрегі. Ол оқушы үшін әдептіліктің де, әдеміліктің де, білімділіктің де айнасы болуы тиіс. Бұрыннан келе жатқан ұстаздарда бұл қағида жүрек түкпірінен мықтап орын алған. Олар түнімен қонақ күтуі, баласын қарап шығуы мүмкін, бірақ сабақтан кешікпейді, қанша қажыса да киіміне, түр-әлпетіне сақ қарайды. Ал, қазіргі жастарда жауаптылық кем. Әр нәрсені сылтау етіп кешігіп келуден қысылмайды. Ең бастысы, киген киіміне, шаш үлгісіне, өзін ұстауына қарап сырттан келген адамның оларды ұстаз деуі қиын. Балалармен жұмыс істеуде көпшілігіне шыдамдылық жетіспейді. Мұның бәрі білім ордасында қалыптасады десек қателескен болар едік. Өйткені, меніңше, адам мұғалімдікке бейім болып тууы керек. Оның табиғатының өзі білім берумен үндес. Ал мектептің қиындығына шыдамай, оқушылармен, ұжыммен тіл табыса алмай, жалақының аздығын, жағдайдың төмендігін сылтау етіп шығып кеткендерді мен педагогтық мамандықты қателесіп оқығандар дер едім» дейді Советхан Сарғожа қызы.
Расында, мұғалім болатындардың табиғаты бөлек. Алдына келген отыз оқушының бабын тауып, талабын ұштайтын мамандарды ешбір қиындық жасыта алмаса керек. Мәселенің бір ұшы жоғары оқу орындарында педагог мамандарды дұрыс іріктеу тетіктерінің жасалмауында жатыр. Бүгінгі жағдай көрсетіп отырғандай, бізде ұлттық тестілеуден төмен балл алғандар амалдың жоқтығынан ұстаздықты меңгереді. Мұндай маманнан мықты нәтиже күту күлкілі. Осыған орай, педагогикалық білім ордаларына түсу талаптарын күшейтіп, таңдаулыларды ғана іріктеудің тәртібі жасалуы керек. Бұл айналып келгенде мұғалім мәртебесін көтеру қажеттігін тағы алға шығарады. Сондықтан, дайындалып жатқан жаңа заң жобасында педагогтар мәртебесін нақты айқындаудың, құқығын сақтаудың кепілдіктерін көбейтудің, жалақысын көтерудің, солар арқылы қоғамдағы беделін өсірудің тетіктері толық қамтамасыз етілгені маңызды. Елбасының өзі қолдап пәрмен беріп отырған тұста жаңа заңды сапалы жасап, салаға жас мамандарды тартудың нақты жолдары мен әдістерін қарастырған дұрыс. Бұлай етпеген жағдайда мектептерде кадр тапшылығы да шешілмейді. Және зейнетке шыққан ұстаздарға күнімізді қарағаны қараған.
Мадина Балабекова