arasha.kz

Мемлекеттік рәмізге түсіндірме беру артық – заңгер

Шетелге барғанда біздің әнұранды ерекше қабылдайды. Сырттағы жұрт сіздердің әнұрандарыңыз айтуға жеңіл, ойнақы, сонымен қатар, рухты көтеретін құдіретке ие деп бағалағанда төбеміз көкке жетіп қалады.
Көк байрағымызға деген құрмет те жоғары. Көк аспанда қалықтаған қыранның күнді көмкеріп тұрғанының өзі қазақтың биіктікті аңсайтын, жақсылыққа ұмтылатын болмысын көрсетсе керек. Мемлекеттік әнұран мен мемлекеттік туға қатысты күмәнді сөз, дүдамал ойдың айтылғанын көрмеппін. Ал енді елтаңбадағы белгілердің түсіндіруді қажет ететіні рас. Жастардың пырақты көріп «единорошка» деп жатқаны да сондықтан шығар.

Әрине, мемлекеттік рәміздерді өзгерте берген дұрыс емес. Бірақ, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін, отансүйгіштік рухты қалыптастыратын мемлекеттік рәміздер, менің ойымша, ешбір анықтамасыз қабылдануы керек. Елтаңбадағы барлық элемент түсіндірусіз түсінікті болғаны абзал. Осы тұрғыдан алғанда егер елтаңбаны бүгінгі Әділетті Қазақстанның басты символы ретінде қайта жасаймыз десе, қарсы емеспін. Тек ол үшін бүгінгі айтылып жатқан сын-ескертпелерді назарда ұстап, республикалық ашық конкурс ұйымдастырылуы керек. Ендігі елтаңбаны жасаушылар қазіргі жастардың талап-тілегін, болмыс-бітімін, сана-сезімін ескеруі керек. Бүгінгі Қазақстанның келешегі – жастар. Ендеше, конкурс арқылы анықталатын елтаңба алдымен жастардың санысында дұрыс қабылданып, солардың басты тұғырына айналуы керек деген ойдамын.

Заңгер Мейірман Шекеев.

Exit mobile version