Біз
әлеуметтік
желіде
20-05-25 |
100 рет қаралған
Мемлекеттік тілдің мәртебесін ұлтаралық тіл деп өзгерту — жалған сөз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін ұлтаралық тіл деп өзгерту — жалған сөз

Таяуда әлеуметтік желіде қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін ұлтаралық тіл мәртебесіне ауыстыру туралы жұмыс тобы құрылады екен деген сыңайдағы жазба жарияланды. Бірден басын ашып айтайын. Бұл – негізсіз, шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты.

Оның айтуынша, еліміздің Конституциясында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын көрсетіліп, мәртебесі тайға таңба басқандай нақты белгіленген. Сондықтан күн тәртібінде қазақ тілінің бұл мәртебесін өзгерту туралы ешқандай мәселе жоқ. Ол мызғымайды.

«Ата заңымызға өзгерістер енгізу мәселесі референдум арқылы, болмаса Парламент палаталараның бірлескен отырысы арқылы шешіледі. Сондықтан, мұндай ақпараттармен манипуляция жасаудың қажеті жоқ. Ал қазақ тілінің аясының кеңеюі, оның нағыз ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналу жайына келсек, бұл – заңмен белгіленетін емес, табиғи түрде, азаматтардың өз қалауымен іске асатын құбылыс», — дейді депутат.

Абзал Құспан қазірдің өзінде бұл үрдіс анық байқалып жатқанын жеткізді. Елімізде қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатары мол. Алдағы уақытта оның аясы кеңейе түспек.

«Өз кезегінде, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында 8-шақырылым депутаттарымен Мәжіліс қабырғасында бірқатар жұмыстар атқарылды. Қысқаша айтқанда:

Біріншіден, Қазақ тілінде үш заң жобасының әзірленуіне түрткі болдық. Олар: «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Нормашығармашылық туралы» және «Архив туралы» заңдар. Бұл заңдардың алғашқысы Парламенттен өтіп, Президент Жарлығымен күшіне енді. Ал қалған екеуі қаралу сатысында.

Екіншіден, қолданыстағы Әкімшілік кодекстің 75-бабының іс жүзінде жұмыс істемейтіні жөнінде алғаш мәселе көтергендердің бірі — өзім болдым. Мәжіліске сайланған сәттен бастап, осы олқылықты түзетуге күш салдым. Нәтижесінде, кодекс 729-баптың 2-1-бөлігімен толықтырылып, хаттама толтыруға құқылы уәкілетті орган ретінде жергілікті тіл басқармаларының өкілеттігі нақты белгіленді.

Үшіншіден, қазіргі уақытта қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөніндегі заң жобасы аясында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің қазақ тіліндегі нұсқалары тілдік үндестік және заң техникасы талаптарына сәйкестендірілуде деп толық айтуға негіз бар», — дейді ол.

Осы атқарылған жұмыстар туралы 15 мамырда Орал қаласында өткен республикалық конференцияда кеңінен баяндаған.

Бұл — соңғы екі жыл ішінде депутаттық корпус тарапынан атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іс арқылы көтеру бағытында әлі де жүзеге асыратын міндеттеріміз көп. Жұмыс жалғасуда.

    БӨЛІСУ:
    Соңғы мақалалар.
    МІНБЕР.