Біз
әлеуметтік
желіде
11-06-25 |
730 рет қаралған
«Мен Шешенстанға барғанша, осында өлгенім артық»: Алматыдағы СИЗО-да отырған Мансур Мовлаевтың өміріне қауіп төніп тұр.
«Мен Шешенстанға барғанша, осында өлгенім артық»: Алматыдағы СИЗО-да отырған Мансур Мовлаевтың өміріне қауіп төніп тұр

Адам құқықтарын қорғаушылар мен адвокаттар Алматы қаласындағы тергеу изоляторында отырған, экстрадиция мәселесі шешіліп жатқан Шешенстандық азаматтық белсенді Мансур Мовлаевтың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, егер ол Ресейге, нақтырақ айтқанда, Шешенстанға қайтарылатын болса, онда оны азаптау, қатыгездік көрсету және тіпті өлім қаупі күтіп тұр. Қазіргі таңда Ресей тарапы оның экстрадициясын талап етіп отыр, ал Мовлаев Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.

«Мансур өз-өзіне қол жұмсауға дайын болды»

Адвокат Мурат Адам 11 маусым күні Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткен мәслихатта Мансур Мовлаевпен жақында кездескенін айтып, белсендінің тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсауға дайын болғанын жеткізді.

«Мен Мансурды барып көрдім, ол маған өте мазасыз екенін айтты. «Мұнда бір нәрсе дұрыс емес» деді. Өз-өзіне қол жұмсауға дайын болғанын жасырмады. Ол өз камерасына ингуш ұлтының азаматы отырғызылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл адам кісі өлтіргені үшін күдікті ретінде ұсталған — яғни, нақты кәсіби киллер болуы мүмкін. Бұл – психологиялық қысым жасау амалы болуы ықтимал. Мансур тергеу изоляторының өзінде өміріне қауіп төніп тұрғанын сезінуде. Сондықтан мен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) басшылығына жүгініп, Мовлаевтың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді сұраймын», – деді ол.

Мурат Адамның айтуынша, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы экстрадицияның саяси астары жоқ екенін және белсендінің азаптауға ұшырамайтынын ресми түрде кепілдендірген. Алайда адвокат мұндай кепілдіктердің іс жүзінде орындалмайтынын, әсіресе Шешенстан жағдайында, бірнеше халықаралық ұйымның баяндамаларынан белгілі екенін еске салды.

Психологты СИЗО-ға кіргізбей қойды

Мовлаевтың қорғаушысы, адвокат Рена Керимова Мансурдың бұрын Шешенстанда азаптауға ұшырағанын айтып, осыны дәлелдеу үшін Стамбұл хаттамасына сай психологиялық сараптама жүргізуді сұрағанын айтты. Ол мұндай сараптама азаптау фактілерін құжатпен бекітуге мүмкіндік береді.

«Мансур маған: «Мен Шешенстанға барғанша, осында өлгенім артық» деді. Ол арнайы арыз жазып, азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеуді, сондай-ақ сенімді психологтың өзіне кіруіне рұқсат беруді сұрады. Бірақ 5 маусымда Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуратурасы бұл өтінішті ҚАЖК-ге жолдауды ұсынды. Біз жүгіндік, кеше психолог СИЗО-ға келді, бірақ оны ішке кіргізбеді. Мансур полиграфтан да, психологтың сараптамасынан да өтуге дайын. Ол өзінің бұрын азаптауға ұшырағанын дәлелдегісі келеді», – деді Керимова.

Мемлекеттік органдар үнсіз, ал Мовлаев көмек сұрауда

Адвокаттар қазір бюрократиялық кедергілерге тап болып отырғанын айтуда. Мәселен, Бостандық ауданының прокуратурасы ешқандай әрекетке бармай, «өзін шетке ысырып қойған». Адвокат Елена Жигаленок бұл жағдайды мемлекеттік органдардың қорқақтығы мен жауапкершіліктен жалтаруы деп бағалайды.

«Қазір нақты бір шеңберден шыға алмай отырмыз. Бәрі бір-біріне сілтеп, ешкім нақты шешім қабылдамайды. Бұл – бюрократиялық үрей мен шенеуніктік жауапсыздықтың көрінісі», – деді ол.

Шешенстан билігін сынаған белсенді

Мансур Мовлаев – Шешенстан билігін ашық сынға алған азаматтық белсенді. 2020 жылы Ресейде есірткіге байланысты айыппен сотталған, алайда құқық қорғаушылар бұл істің саяси астары барын, айыптаулардың жалған екенін айтуда. 2022 жылы бостандыққа шыққан соң, ол қуғын мен қысымға ұшырай берген. Ақырында, ол Қырғызстанға қашып барғанымен, ол жақта да заңсыз шекара кесіп өтті деген айыппен сотталып, экстрадиция қаупіне байланысты елден кетуге мәжбүр болды.

2023 жылы Мовлаев Қазақстанға келіп, босқын мәртебесін сұрады. Ол өзін Ресейде, әсіресе Шешенстанда өлім немесе азап күтіп тұрғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желілерде Қазақстан халқына және өз отандастарына арнап ашық хат жариялап, көмектесуді сұраған.

«Шешенстанда қалған жақындарым маған ашық қолдау көрсете алмайды. Өйткені олар да қысымға ұшырайды. Сондықтан мен Қазақстаннан үміт күтемін. Осында өмір сүріп, өзіме қауіпсіз болғым келеді», – деген ол өзінің хатында.

2024 жылы Қазақстанда оны уақытша ұстау шешімі қабылданды. Қазір 40 күндік уақытша қамауға алынған. Осы кезеңде оның экстрадиция мәселесі қаралуы мүмкін.

Халықаралық ұйымдарға үндеу

Адвокаттар Қазақстан билігінен ғана емес, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі агенттігі (UNHCR), Amnesty International, Human Rights Watch секілді халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан да көмек сұрауда. Олар Қазақстаннан Мовлаевты Ресейге экстрадицияламауды, оның өмірін сақтауды талап етуде.

Самал Асқар

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.