Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев 16 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарағаны жайлы ақпаратқа түсініктеме берді.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрден осындай ауқымды деректің таралып кетуі қалай болғанын сұрады. Мадиевтің айтуынша, желіге тараған мәліметтер — жаңасы емес, бұрыннан интернетте тарап кеткен ескі деректер.
«Бұл – жаңа деректер емес. Мемлекеттік дерекқорлар бұзылған жоқ. Бұл – бұрын тараған «тарихи» деректер болуы мүмкін, қазіргі кезде олар даркнетте қолжетімді. Кейбір Telegram-арналарда пайда болған кезде біз оларды бұғаттаймыз. Кейбір деректер сәл жаңартылған. Бұл деректер 2024 жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімге тиесілі. Жаңадан тарап кетулер болған жоқ», – деді министр.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, қазақстандықтар туралы мәліметтер ашық кеңістікте мезгіл-мезгіл пайда болып тұрады.
«Даркнетте аты-жөні, кейбірінде ЖСН, кейбірінде телефон нөмірлері де бар. Бірақ мұндай деректер ашық ортада пайда болған кезде біз оларды бұғаттау шараларын қабылдаймыз», – деді ол.
Желіде 16,3 миллион қазақстандықтың жеке деректері ашық кеңістікке тарағаны жөнінде ақпарат пайда болды. Таралған мәліметтер қатарына: аты-жөні, жынысы, туған күні, ЖСН, мекенжайы, тұрғылықты мекенге тіркелген күні, телефон нөмірлері (мобильді, үй, жұмыс), азаматтығы, ұлты және басқа да деректер кіреді.
Үкіметтің хабарлауынша, егер азаматтың жеке деректері осы таралған база құрамынан табылса, ол электрондық үкімет порталы арқылы жеке кабинетіне арнайы ескерту алады.