Көлік министрі Парламент Мәжілісінің отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, зейнетақы қорының қаражаты есебінен теміржол вагондары паркін жаңарту туралы мәселеге түсініктеме берді.
Марат Қарабаев «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі БЖЗҚ-дан қарыз алатынын растады. Оның айтуынша, қаражаттың бір бөлігі вагондарды сатып алуға бағытталады. Жалпы 184 млрд теңгеге 100 жолаушылар вагоны мен 3 мың жүк вагонынсатып алу жоспарланып отыр.
«Қоғамда талқыланып жатқан кейбір мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден,БЖЗҚ қаражаты салымшыларға табыс әкелуге тиіс, сондықтан ақша «Бәйтерек» ҰБХ-ға сыйақының нарықтық мөлшерлемесі бойынша бөлінген. Екіншіден, холдинг мемлекеттік компания болғандықтан, қаражатты қайтаруды мемлекет 100% қамтамасыз етеді. Үшіншіден, вагондар тек қазақстандық зауыттарда жасалады. Бұл отандық өндірістерді жүктеу және қосымша жұмыс орындарының пайда болуына жағдай жасайды. Жалпы қаражат Қазақстан Республикасының аумағында қалады», – деді Көлік министрлігінің басшысы.
Министр сондай-ақ қарызға алынған ақша теміржол вагондары паркін жаңартуға және қазақстандықтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталатынын атап өтті.