Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Негізгі заң жобасында шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Олардың жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіруді ұсынады. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады, жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі. Бұл әкімдіктерге әр өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту шарттарына қарай қозғалыс жылдамдығын, рұқсат етілген орындарды және электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтауға мүмкіндік береді.