Әлеуметтік желіде Мұхамеджан Тазабековтің «Қазақстан» ұлттық арнасында «Talim Trend» жобасы бойынша эфирге шығатыны қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың айтуынша, діни көзқарасы түсініксіз азаматты ұлттық арнаға шығарып, ақылын тыңдау дұрыс емес. Алайда бұл дауда айтыскер ақын жеңе ме, жоқ әлде алашшыл азаматтар жеңе ме?
Жалпы өзінің «Асыл арна» атты телеарнасы бар азамат неге «Қазақстан» ұлттық арнасына шығуға құмар болып отыр? Өйткені бұдан бұрын айтыскер ақын ұлттық арнадан шығатын болып, алайда елдің жаппай наразылығынан кейін эфирге шықпай қалған болатын. Енді міне арада бір жыл өткенде Мұхамеджан Тазабеков ұлттық арнаға кезекті «жорығын» бастап отыр. Ал бұл жолғы оның жорығы немен аяқталады?
Әзірге бұл сұраққа дөп басып жауап беру мүмкін емес. Әйтсе де, «Қазақстан» РТРК» АҚ бұл жолы Мұхамеджан Тазабековты эфирге шығармай қоймайтын сияқты. Ұлттық арнаның баспасөз қызметінің жазуынша, «Talim Trend» жобасы – еліміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің, журналистер мен саясаттанушылардың, ғылым, білім, медицина, мәдениет, спорт сияқты түрлі сала өкілдерінің елдің әлеуметтік, мәдени, қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғаларға қатысты пікір алмасу алаңы.
«Аптасына бір рет шығатын әр бағдарламада күннің өзекті оқиғасы, жемқорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты қоғамдағы қордаланған маңызды әлеуметтік тақырыптар аясында сөз қозғалып, қатысушылар өз көзқарастары мен пайымын білдіреді. Әлемнің тынысын, өмір сүру дағдысын өзгерткен пандемия, отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, Абай тағылымы мен мұрасы сынды көпке ортақ тақырыптар қозғалады.
Жоба жүргізушісі – ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабек. Бүгінгі күні бағдарламаның алғашқы түсірілім жұмыстары жүргізілуде, жоба әзірге эфир кестесіне енгізілмеген», – деп мәлімдеді «Қазақстан» РТРК» АҚ Ұлттық арнаның баспасөз қызметі.
Жалпы отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, Абай тағылымы мен мұрасын Мұхамеджан Тазабековтен басқа адам насихаттай алмай ма? Біздің елде айтысқар ақынды он орап алатын Серік Әбікен сынды мықты журналистер жетерлік. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы туралы Зейнеп Ахметовадан артық айтатын адам жоқ. Ендеше неге ұлттық арна Мұхамеджан Тазабековке құштар болып отыр?
Жалпы қоғамда Мұхамеджан Тазабековтің діни көзқарасына байланысты дау көптен бері айтылып келеді. Нақтырақ айтсақ, жұрт айтыскерді салафиттік бағытта уағыз айтады деп айыптайды. Оның үстіне Мұхамеджан Тазабековтің «Асыл арна» атты діни ағартушылық бағытта телеарасы бар. Айтыскер «Асыл арнаны» қомсынып, неге «Қазақстанға» қол салынып отыр. Біздің ойымызша, діни телеарадан қарағанда ұлттық арнаның аудиториясы ауқымды. Сондықтан да ол «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы өз иделогиясын таратқысы келіп отырған секілді.
Қазіргі таңда ұлттық теларнада Нұртілеу Иманғалиұлының «Nur Tileý» және Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» атты сұхбат жанрындағы бағдарламасы бар. Бір қызығы аталған азаматтар телеарна тізгін ұстап шыққанда жұрт оларға мүлде наразылық көрсеткен емес.
Осы ретте «жұрт неге Мұхамеджан Тазабеков «Қазақстанға» шығады» десе, даурығып кетеді деген заңды сұрақ туындайды. Мұның себебі айтыскер ақынның діни көзқарасына байланысты болуы мүмкін. Өйткені әлеуметтік желідегі азаматтар Мұхамеджан Тазабековты салафизммен байланыстырады. Ал салафиттік ағым қазақ жастарының Сирияға кетуіне түрткі болып, қаншама отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Ендеше мұндай айып тағылған азаматтың ұлттық арнадан шығуы ұлттық қауіпсіздікке сызат түсіруі мүмкін. Сондықтан да ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл мәселені өз бақылауына алады деген ниеттеміз.
Серік ЖОЛДАСБАЙ