08-04-20 |
1380 рет қаралған
Мұхтар Тайжан қазақ жерін қорғау қозғалысына шақырады.
Мұхтар Тайжан қазақ жерін қорғау қозғалысына шақырады

Мұхтар Тайжан, экономист, қоғам қайраткері, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Өздеріңіз көріп жатқандай, карантиннің кезінде билік (Үкімет) жер жайлы түрлі-түрлі өте күмәнді шешімдерін қабылдағысы келеді. Бұл жайт бәрімізді қатты алаңдатады. Мысалы, субаренданы заңдастырғысы келді (о туралы бір емес екі рет пост жаздым), қазір міне ЕАЭС-тың фирмаларына жерімізді тегін береміз деп жатыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз және бұндай бассыздыққа жол бермейміз!

Үкіметтің бұндай сатқын әрекеттеріне біз қазір бейжай қарамауымыз керек, өйткені ертең кеш болады. Сондықтан менің ұсынысым – біз әзірше виртуалды түрде (карантиннің кезінде басқаша болмайды) жалпыұлттық қозғалысты ашып жариялауымыз қажет. Жұмысшы атауы «ЖЕР ҚОРҒАНЫ» болсын. Жаңа қозғалыстың негізгі мақсаттары мынандай болады (менің ұсыныстарым):

1. 2016 жылы уақытша қабылданған 5-жылдық мораторийдің орнына түбегейлі жаңа Жер заңын қабылдатуымыз керек. Бізге концептуалды түрде мүлдем басқа Жердің заңы қажет. Сөзсіз, ескі 2003 жылы қабылданған Жер кодексі халық үшін өте зиянды болып шықты. Сол кодексінің кесірінен ауылдағы жұрт ортақ жерінен айырылып қалды, сол ортақ жерді латифундистер басып алды. Бүгінгі таңда тіпті мал бағатын жайылым жерлер де қалған жоқ. Ұрпақ үшін біздің буын бұны өзгерту керек. Алаяқтық болып шыққан пай жүйесін жаңадан қарастыруымыз қажет.

2. Одан басқа субарендаға жол бермеуіміз қажет. Бұндай ұсыныс нағыз бассыздық деп білем. Себебі субаренда арқылы латифундистер жерді мәңгі ұстап қалады, яғни қарапайым ауылдың халқы жерсіз мәңгі қаңғып жүре береді. Сондықтан біз субарендаға қарсы шығуымыз қажет!

3. Келесі мәселе. Өзге елдерге, шет елдердің азаматтарына, шетелдіктердің кез келген үлесі бар заңды тұлғаларға, үлкен көлемдегі яғни ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жекеменшікке немесе жалға беруге біз түбегейлі қарсымыз.

4. Қазақстан азаматтары бұндай жерлерді тек қана жалға алып жұмыс істесін. Ал жердің меншігі – мемлекеттің қолында қала берсін. Үлкен көлемдегі жерлерді жекеменшікке ешкімге сатуға болмайды!

5. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен Жеріміз – жалпы ұлттың қазынасы. Сондықтан жермен кім қалай жұмыс істеп жатыр, ұтымды ма, ұтымсыз ба, жер кімнің қолынан табылды – бұндай ақпарат халыққа айқын болуы шарт. Ол үшін Үкімет замануи цифрлы-электрондық технологияларды (ескі қағазбен емес) пайдалану керек, оның ішінде космомониторинг те бар. Жер туралы бүкіл мағлұматтар халыққа ашық және оңай қолжетімді болуы керек.

6. Мемлекеттің орғандар, Үкімет болсын, «Атамекен» ҰКП болсын, әкімдер болсын – мемлекет органдардың барлығы жер туралы заңдарды, өз қаулыларын, кез келген бұйрықтарын біздің жалпы ұлттық қозғалысымызбен ақылдасып ғана қабылдасын. Ол үшін біздің «Жер қорғаны» қозғалысымыздың атынан Астанада тұрып жатқан Мұхтар Тайжан жұмыс істесін, біз оған сенім білдіріп арнайы мандат беріп отырмыз. Ал Мұхтар Тайжан жер туралы Үкіметтің әр қадамын бізге әлеуметтік желілер арқылы баяндап тұрсын.

7. Егер Үкімет біздің виртуалды «Жер қорғаны» қозғалысымыздың келісімінсіз Жеріміз жайлы қандай болса да сатқындық шешім қабылдайтын болса, біз азаматтық наразылығымызды білдіруге құқылы боламыз. 2016 жылы Жер үшін көшеге қалай шықтық, қазір де шығуға дайынбыз, керек болса. Оған ешкімде күмән болмасын.

8. Біздің қозғалыс – саяси партия емес, біздің мақсатымыз өте қарапайым – жерді біріншіден сақтап қалу, екіншіден жердің қарым-қатынастарын ашық, айқын және әділетті қылып орнату. Сондықтан бізге барша жер жанашырлары, басқа саяси партиялардың мүшелері де қосыла алады, қосылуға шақырамыз!

Билік бір қарапайым нәрсені түсіну керек: жер мәселесі – бір немесе бірнеше ғана адамның мәселесі емес, жер деген – жалпыұлттық мәселе. Керек болса, халықтың өзі ата-бабадан қалған өз жерін ұрпақ үшін сақтай алады, сондықтан жермен ойнауға болмайды! Жер – сендерге ойыншық емес!

Бұл үндеуімді қолдасаңыздар, лайктан басқа өз аты-жөніңізді, тұрып жатқан қалаңызды, ауылыңызды, облысыңызды жазыңыз. Жерімізді бірігіп қана сақтай аламыз. Жерге келгенде бәріміз бір жұдырықтай жұмылып тұра алатынымызды билік көрсін!

Жазба Мұхтар Тайжанның facebook парақшасынан алынды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.