18-06-24 |
6730 рет қаралған
Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін – министр.
Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін – министр

Киіз үйде бейәдеп би билеп, әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған видеоға қатысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсініктеме берді.

«Өздеріңізге мәлім, Ата заңымызда барлық азаматтың құқығы тең, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік берілген.
БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді.
Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді.
Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді.
Ал бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз.
Мен медиа-процест жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.
Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», – деді министр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.