06-05-19 |
5430 рет қаралған
Нұр-Сұлтаннан 21 шақырым жердегі 21 мың теңгенің жыры.
Нұр-Сұлтаннан 21 шақырым жердегі 21 мың теңгенің жыры

Бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қараөткел (Ильинка) ауылына жол тарттық.

Жол тарттық деп айтқан әшейін сөз сыралғысы ғой, әйтпесе, Елордадан 2 минут сайын автобус қатынайды. Тақа болмаса, 250 теңгеңізді беріп, Қараөткелдің қалаған жеріне жетіп алуыңызға болады.

Бізде осы соңғы нұсқа бойынша, Қорғалжың тасжолының бойынан таксиге отырдық. Іздеп шыққаным – Исатай батыр көшесінде пәтерде тұратын өзім өмірі көрмеген кейіпкер болатын.

«Іздеген жетер мұратқа» дегендей, сыртынан қарасаң 2 қабат, ішіне кірсең 4 қабат болып кететін абажадай коттеджді таптым.

Іздеген адамымыз осында екен.

Кейіпкеріміз көпбалалы ана. Мемлекет тарапынан берілетін Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген жандардың бірі.

Біздің мақсат – кейіпкеріміз секілді көп балалы аналардың мәселесін көтере отырып,  атаулы әлеуметтік көмекті қалай алып, қандай құжаттар тапсырғанын білу еді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасының қазіргі тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, тағы қандай мәселесі барын білгіміз келген. Дегенмен біздің ойлағанымыздай болмады: іздеп барған кейіпкеріміз бізге сұхбат беруден бас тартты. Сондықтан келісім бермеген адамның аты-жөнін атауды артық санадық.

Біз әуелі осы үйді жалға беріп отырған қожайынның есігін қақтық. Есігін қақтық деймін, қаққан жоқпыз, себебі, есікте мынадай жазу тұрды.

Сосын, қоңырауды бастық. Есікті ашқан жас қыз бізді кейіпкеріміздің пәтеріне жетелеп келді.

Есікті біраздан кейін барып ашқан кейіпкеріміз «журналистерге айтарым жоқ» деп қысқа қайырды да, есікті іштен жауып алды. Бізге есік ашқан кезде, азғана саңылаудан етегіне оралып жүрген 3-4 жастар шамасындағы 3 балақайды көзіміз шалып қалды.

Біз тығырыққа тірелдік. Барған мақсатымыз орындалмады. Дегенмен, барып тұрып құр қайтатын емес, Исатай батырдың бойында, №69 мектептен бір аялдамадай ғана жерде тұрған сырты 2 қабат, іші 4 қабат құрылыстың маңын фотоға түсіріп алдық.

21 мыңның жыры елдегі біраз отбасыны әбігерге салғаны анық.

Дегенмен, сырты дырдай, іші жұрдай жатақхананың маңы адам көргісіз. Айнала толы қоқыс.

Біздің байқауымызша, бұл үйде 14 есік бар. Демек 14 отбасы өмір сүріп жатуы мүмкін. 4 отбасы жертөледе, 4 отбасы – шатырда тұрады.

Біздің кейіпкеріміз шатырдағы 4 есіктің бірінде тұрады екен.

Тағы бір байқағанымыз, қарсы беттегі көршілерінің айтуынша, бұл үйде 2 бөлмелі пәтер – 45 мың, 3 бөлмелі пәтер – 60 мың теңгеден жалдайды екен.

Естеріңізде болса, биылғы 6 наурызда өткен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнінде кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев «Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет», – деген болатын.

Осы тапсырмадан кейін, көпбалалы отбасылар 1 сәуірден бастап құжат тапсыра бастаған болатын. Біздің кейіпкеріміз де осы бағдарлама бойынша 5 баласына әлеуметтік көмек алған. Дегенмен, мынадай баспанада тұрып, Елордаға қатынап жұмыс істеп, 5 басланы тәрбиелеу де оңайға түспесі анық. Нұр-Сұлтаннан 21 шақырым жерде отырып 21 мың теңгені қолға алудың, тиімді жұмсап, жеке баспана алып, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондыру да ойланатын мәселе…

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.