Өткен айда БАҚ-да «Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі Нұржан Иманалиев ұсталды» деген ақпарат шыққан болатын. Кейін Ішкі істер министрлігі қылмыс әлемінде «Нойс» атымен танылған азаматтың ұсталмағанын мәлімдеді.
Шын мәнінде Нұржан Иманалиев ұсталды ма, жоқ әлде бостандық та жүр ме? Осы және өзге сұрақтарды Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа қойдық.
БАҚ неге теріс ақпарат таратты?
ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттарды сатып алып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастыруда. Одан қалды, тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетіліп жатқаны айтылды.
Полиция қылмыстық топты ұстау үш кезеңнен тұрғанын айтты. Ұсталғандардың арасында айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі, “Нойс” лақап атымен белгілі Нұржан Иманалиев те бар.
«Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесу үш кезеңде жүргізілді. Бірінші кезең – халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада “Нойс” деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің “оң қолы” басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды. Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталды, – делінген мәліметте.
Ал екінші кезеңде – криминалдық ортада “Карась” лақап атымен белгілі “Дикий Арманның” тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылған.
25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталды.
Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамыр айында қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – делінген.
Министр неге екі сөйледі?
Бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистер Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан «Бұған дейін сіздер «Нойс» лақап атымен танылған Нұржан Иманалиевтың ұсталғанын айтқан болатынсыздар. Сол ақпаратқа байланысты не айтасыз?» деп сұрады. Әріптестеріміздің сұрағына министр «Тергеу жүріп жатыр» деп қысқа жауап берді. Сондай-ақ министр журналистердің «Ол азамат ұсталды ма? Қазақстанда ма?» деген сұраққа «Ұсталды. Иә, қамауда» деп жауап берді.
– Әу баста министрлік Иманалиевтің ұсталмағанын хабарлады да, қазір сіз ұсталды деп отырсыз. Қайсыңызға сенеміз?
– Мен енді Иманалиев па?.. Біз енді қазір… Қателесуімде болады. Сіздер жан-жақтан сұрайсыздар. Кім ұсталды, мен оны білмеймін. Сіз маған ұсыныс беріңіз, мен айтып, адам бар ма екен, ұсталды ма екен, қылмыстық іс бар ма екен, маған Иманалеив деген фамилия ештеңе айтпайды. Сіз енді қызықсыз.
– Сіз жаңа ұсталды деп айттыңыз ғой…
– Сіз енді бір… Мен қазір бір топты шатастыруым мүмкін. Сіздерде түсініңіздер, келіп біреудің фамилиясын айтасыздар. Қайдан білемін Иманалев деген кім екенін де білмеймін.
– Қылмыстық әлемде танымал адам ғой..
– Танымал болса сіздерге танымал шығар. Маған қылмыскерлердің бәрі бірдей. Егер қателессем кешірім сұраймын.
– Ұсталды ма, ұсталған жоқ па?
– Енді маған ақпарат берсеңші, сосын жауап берейін. Иманалиев кім екенін де білмеймін. Сіздер қызықсыздар, сұрақ қоясыздар да «министр жалған ақпарат берді» деген ақпарат шығарасыздар. Сондықтан мен сіздерге ресми түрде айтамын: Иманалиевтың кім екенінде білмеймін. Егер жаңа мәліметтер болса, мен сіздерге берейін.
P.S. Кейін министрдің баспасөз қызметі Нұржан Иманалиевтің ұсталмағанын, бірақ оның халықаралық іздеуде екенін хабарлады. Аталған азамат қаңтар көтерілісіне байланысты түрмеде жатқан Арман Жұмагелдиевтың оң қолы болып саналады. Министр аты-шулы іске күдікті азаматтың ең сенімді серігі туралы сұраққа неге екі ұшты жауап берді? Қызық.
Серғали Асланбек, Arasha.kz
ФОТО: Дереккөз