arasha.kz

Nur Otan: Жайылымдық жер тапшылығы 32 млн. гектардан асады

Қарапайым халық үшін жайылымдық жер тапшылығы 32 млн. гектардан асады. Салалық ведомство өз жұмыстарының дұрыс орындалып жатқанын ауық-ауық мәлімдегенімен, аграршылардың мал жаюға арналған жерлердің тапшылығына шағымдануының себебі неде? «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте осы мәселе талқыланды.

Кеңестің жұмыс тобы көрсеткен деректерге сәйкес, ауылды жерлерде 7,7 млн. адам немесе ел халқының 40%-дан астамы тұрады. Бұл ретте бүгінде жеке шаруашылықтарда ұжымдасқан шаруашылықтарға қарағанда екі еседен аса мал ұстайды. Мал басының шамамен 80%-ке жуығы ауылдың маңында жайылатындықтан, елді мекендерден 5-6 шақырым радиустағы жайылымдық жерлер тозған. 

«Қазіргі уақытта Ақтөбеден басқа барлық облыстағы елді мекендерде жайылымдық жер жетіспейді. Ауыл тұрғындарында жалпы 6,7 млн. бас мал бар. Оларды жаю үшін 53,3 млн. гектар жер қажет, бірақ бүгінде бары 20,9 млн. гектар ғана. Бұл – үлкен тапшылық!», – деді жұмыс тобының жетекшісі, Кеңес мүшесі Меруерт Қазбекова.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен 185 млн. га жайылымдық жер бар. Оның ішінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 73,4 млн. гектар жер бөлінген. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың пікірінше, бұл жерлерді тиімді пайдалану көңіл көншітпейді. 

«Qoldau платформасына сәйкес 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 38 миллион гектар жайылымдық жер тиімсіз пайдаланылуда. Өткен жылы 1,8 млн. гектарға жуық жер пайдаланушылардың өз еркімен мемлекеттік меншікке қайтарылған. Ал қалғандары қайда? Әлде, сіздер басқа шаруа қожалықтары иелерінің ұяты қашан оянады деп күтіп жүре бересіздер ме?» – деді ауыл шаруашылығы министріне Ерлан Саиров.

Өз кезегінде ведомство басшысы Сапархан Омаров бақылауды жүзеге асыратын министрлікте бұған жеткілікті өкілеттіктер мен кадрлар жоқ екенін айтты.

«Еліміздегі барлық жер қорына бар-жоғы 32 адам жұмыс істейтін Жер ресурстарын басқару комитеті жауап береді. Олар тіпті халықтың шағымын сапалы қарап, оларға жауап беріп те үлгермейді. Оның үстіне, жер учаскелерін жергілікті атқарушы орган бөледі және бақылау функциялары да соларға бекітіліп берілген, бұл мүдделер қайшылығын тудырады. Сондықтан біз Парламентке енгізген заң жобасында жер инспекциясы органдарын министрліктің қарамағына беруді ұсындық», –  деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, отырыс барысында Павлодар облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарының тиімділігі мәселесі қаралды.

Кеңес мүшесі Ғалым Байтоқтың айтуынша, 2019-2021 жылдары облыс бойынша 174 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелсе, олардың басым бөлігі бюджет қаражатын ұрлау және парақорлық фактілері. Сондай-ақ, аймақта құрылыс және ТКШ саласындағы қаражаттың тиімсіз жұмсалу мәселесі де өзекті болып отыр.

«Павлодар қаласында көпе-көрнеу қымбат тұратын тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландыру фактілері бар. Жергілікті бюджеттің қаражаты құрылыстың нақты құны мен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша белгіленген құн арасындағы айырмашылықты жабуға кетеді, шығын 154 млн.теңгеден асты», – деп мәлімдеді Ғалым Байтоқ.

Құрылысшылар мен бақылаушы органдардың немқұрайлылығын Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та тілге тиек етті.

«Жаңа тұрғын үй кешендерін салу үшін павлодарлықтарды қала орталығындағы ескі үйлерден көшірді. Үй салуды бастағанымен, жоалаушылар жабынды плиталарды «ұмытып кеткен», бетон конструкцияларға ақша бөлінбеген. Мұның бәрі ғимарат тұрғызылып жатқанда анықталды. Білуімізше, жоба тоқтатылды. Адамдар ақырында далада қалудан қорқады», – деді халық қалаулысы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдарда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының кең таралған түрлері: жалақыны есептеу, іссапар шығындарын және әртүрлі үстемеақыларды төлеу кезінде, сондай-ақ аффилирленген немесе бағынышты адамдармен жалған мәмілелер жасасу арқылы бюджет қаражатын жымқыру және т.б.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес жұмысында формализмге жол бергені және тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямға «ескерту» түріндегі, Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповаға «ескертпе» түріндегі партиялық жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарды.

Exit mobile version