arasha.kz

Олжас Бектенов өңірлерде көктемгі су тасқынына қатысты шаралар орындалмай жатқанын айтты

ҚР Үкіметінің отырысында ағымдағы су тасқыны жағдайы, сондай-ақ көктемгі маусымға және болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындық шаралары талқыланды.

Премьер-Министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін атап өтті. Алайда мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдаған жоқ.

«Нәтижесінде 218 іс-шараның 92-сі осы уақытқа дейін орындалмай отыр. Жұмысқа бұлайша селқос қарауға болмайды. Төтенше жағдайлар министріне жоспарланған іс-шаралардың орындалмауына жол берген орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді. Барлық өңірлер су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни, бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет», — деген Олжас Бектенов, оқу-жаттығу өткізу форматын қайта қарауды тапсырды.

Exit mobile version