Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында отандық өнеркәсіп флагмандарының бірі саналатын Степногорск тау-кен химия комбинатында болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті, онда энергетикалық қауіпсіздікті арттыру мен отандық өнеркәсіпті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыруға назар аударылды.
Степногорск тау-кен химия комбинатына барған кезде Олжас Бектенов құрамында уран бар шикізатты қайта өңдеу бойынша озық өндірістік процестермен танысты. Қазақстан әлемдік өндірістің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Уранды қайта өңдейтін Степногорск тау-кен химия комбинаты әлемдік атом энергетикасы үшін тұрақты жеткізілімді қамтамасыз етеді және өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосады. Өткен жылы комбинат 1650 тонна дайын уран өнімін өндірді. Жобалық қуаты жылына 4 мың тонна табиғи уранды, қайта өңдеу – 1 млн тоннаға дейін мыс-молибден кенін құрайды.
Қала құраушы кәсіпорында 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Тексеру барысында Премьер-Министрге қайта өңдеу қуатын жылына 6 мың тонна уранға дейін ұлғайтуға бағытталған комбинатты одан әрі жаңғырту жөніндегі жоспарлар туралы баяндалды. 2026 жылдан бастап «Буденов» кен орнынан жеткізілетін құрамында уран бар шикізатпен толық қуатына шығару жоспарлануда. Бұл моноқала тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Үкімет басшысы өндірушілерге арнаған сөзінде кәсіпорынның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Әңгіме барысында өнеркәсіп және атом өнеркәсібінің өзекті мәселелері талқыланды.
Қазақстанның энергия тұтыну көлемі шамамен 17 ГВт құрайды, бұл өндіріс көлемінен жоғары. Бұл ретте қазір электр энергиясының белгілі бір көлемі көршілес елдерден сатып алынуда. Сондықтан Қазақстан басқа энергия көздеріне көшуі тиіс.
Атом энергетикасының Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетика жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етуі мүмкін екендігі атап өтілді. Референдум қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда АЭС-тің салынуы өсіп жатқан сұраныс жағдайында нарықтағы электр энергиясы тапшылығын азайтуға, жабдықтардың тозуы себебінен төмендеп жатқан өндірісті толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл қауіпсіз әрі экологиялық таза энергияны тұрақты түрде өндіруге жол ашады.
«Энергетика жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығы – Үкіметтің басты міндеті. Қалыптасқан күрделі ахуал бізден түбегейлі жаңа тәсілдер мен көп жылдан бері қордаланып қалған мәселені шешуді талап етіп отыр. Қазақстанға электр энергиясының жаңа негізгі генераторын енгізу қажет. Егер Президент 6 қазанға белгілеген референдумда халықтан қолдау көп болса, онда біз осы бағытпен жүреміз. Онсыз өнеркәсіпті дамыту да, қарапайым тіршілікті қамтамасыз ету де мүмкін емес. Бұл еліміздің дамуына мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.