Бүгін БАҚ-да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың ауыр халде жатқаны туралы видео жарияланды. Жалғанды жалпағынан басқан адамның аянышты видеосын көрген азаматтар әр түрлі пікір айтып жатыр.
Кейбір адамдар Болат Әбішұлын аяп, мүсіркесе, екінші тарап керісінше «Өзінің іс-әрекетіне сай жазасын алды» деп жазуда.
Алайда экс-президенттің інісіне қатысты ақпараттың жариялануының астарында терең мән бар секілді. Яғни Болат Назарбаевтың ауыр халдегі жағдайының жариялануы – оның қылмыстық қудалаудан құтылып кетудегі қулығы емес пе? Осы және өзге де сұрақтарды сарапшы Қазыбек Бейсебаевқа қойған едік.
– Бүгін БАҚ-нан Болат Назарбаевтың ауыр халде жатқан видеосы жарияланып жатыр ғой. Жалпы бұған дейін қоғам үшін жабық тақырыптарды ашып айтудың астарында не жатыр? Болашақта қуғындалудан қорғанудың амалы ма, жоқ әлде мұның басқа бір себебі бар ма?
– Бәріміз адам баласы, пендеміз. «Болат Назарбаев қуғындалмауы үшін аурып жатқанын әдейі жариялап жатыр» деген сөзбен келіспес едім. Адам ауырып жатқан кезде оны сынап жазу дұрыс емес. Біз не болса да «Алла шипасын берсін» деп айтамыз. Мен нақты білмеймін, бірақ ол осылай өзін көрсету арқылы халықтан «Менде өздерің секілді адам баласымын» деп кешірім сұрағысы келетін шығар…
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президент Назарбаевтың отбасының мүшелеріне қатысты қылмыстық іс ашып, мүлкін тартып алып жатыр. Болат Назарбаевтың ауыр халде жатқанын жариялау осы іспен байланысты емес пе? Өйткені бұған дейін экс-президенттің отбасына қатысты ақпараттар қоғам үшін жабық тақырып болатын…
– Сіздің ойыңызды түсіндім. Ол кісінің қазір бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұр. Кезінде ол халықты тонауы мүмкін. Бірақ оны о дүниеге алып кете ала ма? Қазір оның денсаулығы нашар екенін көріп жатырмыз. Сондықтан жарияланған ақпаратқа қатысты саясат іздеудің қажеті жоқ. Қазір оның байлығын тартып алғаннан бірдеңе өзгереме ме? Ештеңе өзгермейді.
– Бірақ кезінде ол кісінің рейдерлік шабуылдар жасап, заңсыз іс әрекеттер істегені айтылады. Міне осындай қылмыстар жасауы мүмкін деген адамды кешіре салуымыз керек пе, жоқ әлде заң бойынша іс қозғалуы керек пе?
– Сұрағыңыз өте орынды. Бірақ Елбасы туралы заң бойынша экс-президенттің өзі мен туыстары тергеп-тексерілуден құтылады. Бір жағынан қазір Болат Назарбаев ауыр халде жатыр, екінші жағынан ол ағасының билігін пайдаланып халыққа не істеді? Оған әрине заң бойынша баға берілуі керек. Мәселен қылмыстық іс жасап, рейдерлік шабуыл жасайтын болса, оған жауап беруі керек. Мәселен Болат Назарбаев түрмеге жатуы керек деген сөз емес. Ең бастысы оның әрекетіне баға берілуі керек. Айталық халықты тонағаны үшін жауап берсін деген секілді. Бірақ мұны біздің билік істемей отыр.
Мысалы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін кім ұйымдастырды? Бұл сұраққа ешкім жауап берген жоқ. Өйткені жауапкершілікке ешкім тартылмады. 2011 жылғы Жаңаөзен көтерілісіне айыпты деп бір-екі полицияны түрмеге отырғызды. Бітті. Ал Қаңтар көтерілісіне айыпты бірде бір адам жауапкершілікке тартылмады.
– Сіз «Ауырып жатқан адамды айыптамауымыз керек» дегендей пікір айтып жатырсыз ғой. Иә, адамгершілік тұрғысынан сіздің ойыңыз дұрыс болуы мүмкін. Алайда ауыр халде жатқанын көрсету арқылы қоғамның аяушылығын тудырып жатқан жоқ па? Осы арқылы халықтан кешірім алып, барлық жауапкершіліктен құтылып кетудің амалы емес пе?
– Иә, біз адам ретінде аяуымыз мүмкін. Бірақ ол заңды бұзып, қылмыс жасаса оны жауапкершілікке тарту керек. Сот «Ауырып жатыр екен, кешірім берейік» деген нәрсеге қарамайды. «Ауыр халде жатыр екен» деп Болат Назарбаевтың ісін кешіре салуға болмайды. Ауырып жатқандағы мәселе бөлек, ал әр түрлі заңсыз әрекетке баруы бөлек әңгіме.
– БАҚ-да жарияланған видеода оның қызы «2015 жылдан бастан ауырып жатыр. Одан бері ешқандай іспен айналыспайды. Бизнесті серіктестеріне өткізіп берген» деп айтты. Алайда 2 жыл бұрын Түркістан облысында ұлының сүндет тойын өткізіп, әлдекімге бірнеше мың АҚШ долларын бергені көпшілікке белгілі…
– Бәлкім осы арқылы қоғамның көзқарасын дайындап жатқан шығар. Саяси технологиялық әдісті пайдаланып, халықтың аяушылығын оятып, кешірім алуға тырсып жатуы әбден мүмкін. Бірақ 2015 жылға дейін әр түрлі жұмыс істеді ғой. Кейінгі жылдардағы жағдайға сенгеннің өзінде оның алдындағы істерге байланысты сұрақтар бар.
– Қазақ халқының менталитетінде қайтыс болған немесе ауыр халде жатқан адамға аяушылық білдіріп, оның әрекетіне кешіріммен қарау қалыптасқан. Осыны пайдаланып Болат Назарбаев жазадан құтылып кете ме, жоқ әлде қоғам бұл мәселені басқа қырынан қоюуы керек пе?
– Болат Назарбаев қандай жағдайда болса да жауапқа тартылуы керек. Мәселен қылмыскер бір адамды өлтірген болса, біз оны кешірмейміз ғой. Қоғамда «Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасады» деген әр түрлі алыпқашпа әңгіме айтылады. Оған жауап берілу керек. Өкінішке қарай біздің билік қылмыстық іс қозғамайды. Не болмаса билік «Болат Назарбаев мөлдір бұлақ секілді тап таза» деп ашық айтуы керек. Олай айтпайды. Тек қана «жанындағы адамдар қылмыс жасады» деп айтылады. Қасындағы адамдар ешқандай бұйрықсыз әрекет етті ме? Бізде осындай түсініксіз жағдай көп.
– Болат Назарбаевқа қатысты соңғы ақпарат саяси технологтардың ісі ме?
– Иә. Оның ауыр халде жатқан видеосын әдейі таратып жатыр. Нақтырақ айтсам, халықтың аяушылығын тудыру арқылы «Болат Назарбаевты кешіре салайық» деген пікір қалыптастыруда. Ал біз қоғам ретінде оның заңсыз іс әркеттеріне баға берілуін талап етуіміз керек. Билік «халықты алдай саламыз» деп әбден үйреніп алған. Ал біз оларға нақты жауап бер деп талап етуіміз керек.
Серік Жолдасбай, arasha