Бүгін Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Орал қаласында жас журналистер мен медиа саласының кәсіби өкілдерін бір алаңға тоғыстырған «QADAM» media форумы өтті. Форумға облыс әкімі аппаратының басшысы Н.Ораз, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары Н.Рахманов, «AQJAIYQ» телеарнасының редакторы Т.Өтеғалиева, Zhaikpress.kz ақпарат агенттігінің редакторы Н.Оразаев, «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Г.Бияшева, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының БҚО бойынша тілшісі А.Нықмұқанова сөз алып, спикер ретін өз тәжірибелерімен бөлісті .
Форумның мақсаты – медиа саласында алғашқы қадамын жасап жатқан жастарды қолдау, шығармашылығын шыңдау және кәсіби даму жолына бағыт беру. Сонымен қатар, жергілікті мамандардың да білікті, білімді әрі тәжірибелі екенін көрсету – форумның басты міндеттерінің бірі болды.
«Бұл – жай ғана жиын емес, бұл – ой мен сөздің, шығармашылық пен шеберліктің тоғысқан тұсы. Бұл – жас мамандардың үлкен жолға қадам басар алаңы. Және біз осы форум арқылы өңірімізде кәсіби деңгейі жоғары мамандардың бар екенін көрсетуге тырыстық», – деді БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әділет Орынбасаров.
«QADAM» media форумы – жастардың медиасауаттылығын арттыру, сөйлеу мәдениетін дамыту және қазіргі заман журналистикасының талаптарына сай келетін кадрлар даярлауға арналған кәсіби алаң. Форум қатысушылары еліміздің медиа кеңістігінде танымал журналистермен қатар, өңірлік БАҚ өкілдерімен де жүздесіп, тәжірибе алмасуға, пікір айтуға мүмкіндік алды.
Форум барысында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі, Сахна тілі мамандығы бойынша ұстаз, магистр Б.Ахметқалиева “Камера алдында сенімді сөйлеу” атты практикалық тренингін қткізді.
«QADAM» – бұл алғашқы қадам ғана емес, кәсіби даму жолындағы үлкен мүмкіндік. Форум аясындағы барлық шаралар жастардың білімін арттырып, шығармашылық шабытын оятуға бағытталды.