19-09-24 |
1270 рет қаралған
Отбасы құндылығын дәріптеу бір күнмен шектелмеуі керек.
Отбасы құндылығын дәріптеу бір күнмен шектелмеуі керек

Біріккен Ұлттар ұйымының бекітуімен 15 мамыр халықаралық отбасы күні ретінде аталып өтіліп келеді.  Осы беделді ұйымға мүше елдердің барлығы бұл күні отбасының маңызын арттыратын, туыстар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты дәріптейтін түрлі шаралар өткізеді. 15 мамырды отбасы күні ретінде мерекелеу туралы Ресей Федерациясында, Беларусь Республикасында, Өзбекстанның арнайы қаулы бар. Ал Қырғызстан халықаралық отбасы күнін 15 мамырда атап өтіп қоймай, 7 шілдені республикадағы отбасы күні ретінде арнайы бекіткен. Бір ерекшелігі бұл күні отбасының құндылықтарын паш етіп, жұбайлар арасындағы жарасымды өмірді өнеге етіп қоймай, отау құрғаныдарына 25 жыл толған ерлі-зайыптыларды «Махаббат пен сенім үшін» медалімен марапаттау рәсімі қалыптасқан. Расында, күміс тойға жетіп, отбасылық бірлікке сына түсірмеген жұптар қандай марапатқа да лайық.

Ал біздің елімізде БҰҰ ұйымы бекіткен халықаралық отбасы күнікең ауқымда, ерекше жағдайда атап өтіледі. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып тағайындалды. Міне, Президенттың мұрындық болуымен күнтізбеге енгізілген бұл мереке 2013 жылдан бері барша жұрттың асыға тосатын, айрықша қадірлейтін мерекесіне айналып үлгерді.

Отбасы күнін атап өткен он жылдың ішінде көптеген жаңа бастамалар шешімін тапты. Бұл ерекше маңызды мерекенің ерекшелігін көрсетіп, қоғамда отбасының орнына, беделіне,ұрпақ тәрбиесіндегі ықпалына көпшіліктің назарын аударту үшін түрлі шаралар тұрақты қолға алынып келеді.

Әрине, отбасы секілді бүкіл әулеттің таралу, қалыптасу, туыстық бірлігін нығайту отаны болған, ұлттық салт-сана, тәлім-тәрбиенің бесігіне айналған отбасының маңызын бір күндік мерекенің шеңберінде көрсету, насихаттау әсте мүмкін емес. Сондықтан, барлық облыстарда отбасы күнінің табиғатын көрсетудің, берік некелік одақ, тамырын терге жайған әулеттерді көпшілікке үлгі етудің жаңаша форматын табу тапсырылған еді. Осы бағытта үлкен ізденіс жасап, жан-жақты еңбектенгендіктен болар, биылғы отбасы күнінің республика аумағында ұйымдастырылуы алдыңғы жылдармен салыстырғанда айрықша болды.

Биыл мерекенің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Осы тұжырымдама шеңберінде ел ішінде арнайы сауалнама жүргізілген болатын. Бұл сауалнама отбасына деген азаматтардың көзқарасын, отбасындағы әр адамның орнын, жанұялардағы түйткілдерді анықтап, мәселелерді ретімен шешу үшін қажет болған еді. Сауалнама жауап берген басым бөлігі, яғни 95,4 пайызы отбасындағы қатынастарға толық қанағаттанатынын, туыстармен арадағы сыйластыққа көңілі толатынын жеткізген. Мұндай көрсеткіш Қазақстанда отбасылық сыйластық, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімнің жоғары екенін айғақтайды. Сонымен бірге, бұл отбасына қатысты туындайтын мәселелердің көп еместігін көрсетеді.

Сауалнамаға қатысушылар отбасындағы құндылық дегенді немен байланыстыратынын да айтқан. Көпшілік пікіріне сүйене отырып, біздегі азаматтар отбасылық құндылықтың үш ұғыммен байланысты екенін бағамдауға болады. Жауап бергендердің басым бөлігі отбасын нығайтып тұрған туыстардың бір-біріне деген қамқорлығы десе, екінші бір топ отбасының маңызын арттыратын туыстардың бір-біріне деген өзара құрметі мен қолдауы деген екен. Ал үшінші топ үшін отбасының беріктігін арттырып, құндылығын көтеретін – махаббат пен балалар кіреді. Әрине, бұл жауаптардың ешқайсысын да қате деуге болмайды. Себебі, отбасы дегеннің өзі махаббат, қамқорлық, жанашырлық, сыйластық пен махаббат, аға буын мен кейінгі буын арасындағы ажырамайтын нәзік байланыс.

Жалпы, сауалнама отбасына қатысты бірқатар мәселелерге жауап іздеген. Соның ішінде «Отбасының беріктігін, әулеттің тәрбиесін немен нығайтуға болады?» деген сауал көпшіліктің анық қызығушылығын тудырған. Содан болар, жауап бергендердің көзқарастары да әралуан. Мәселен сауалнама қатысушыларының 39,8 пайызы отбасындағы тәрбиенің бастауы – еңбекқорлық депті. Ата-ана – балаға айна. Ата-анасы еңбектің үлгісін көрсеткен отбасындағы балалар да енжар, жалқау болмайды. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, сңғы арба сонда жүреді» дегеніміз осы. Қатысушылардың 31,7 пайызы адалдықтың отбасының негізі депті. Бұл да ақиқаттан алыс емес пікір. Расында бір-біріне адал жандардың одағы орта жолдан үзілмейді. Шынайы адалдықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны тағы рас.

Сауалнамаға пікір білдіргендердің 24,2 пайызы отбасы құндылығы артуы үшін әркім әуелі өзін-өзі құрметтеуі керек десе, 21,3 пайызы өзгелерге құрмет көрсеткенде отбасы ыдырамайды деген ойын ортаға салыпты. Мұндайғы пікірлердің қай-қайсысы да негізсіз емес. Әсіресе, отбасылық бақытты қадірлеуге, некелік жұпты сақтауға кеңес беретін заманауи психолог, коучтардың көбі өзгелер қадіріңе жетсін десең, әуелі өзіңе көңіл бөл, өзіңді сүй, өзіңе қара дегенді жиі айып, ақыл қосып жүр. Мұндай мамандар алдымен жақсылықты өзіңе жаса, содан кейін жақындарыңды жарылқа, артылғанда ғана айналаңа қарас деген ұстанымда. Әрине, «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген мақалдың өлшемімен айтқанда, отбасының бақыты үшін өзіңе көңіл бөліп, жақындарыңа жылу сыйлаған жақсы-ақ. Мұның да қоғам үшін жағымды жақтары өлшеусіз. Өйткені, тәрбиелі отбасы, ата-анасын сыйлаған, ұл-қызына мейрімділік танытқан жарасымды жанұялар айналаны тәрбиелеуге тамаша үлгі.

«Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол» дегенді бабаларымыз бекер өсиет етпеген. Себебі, бала балаға қарап өседі. Отбасында қалыптасқан тәрбиені балталап өзгертуге болмайды десек те, балаларға ортасының, достарының әсері аса ықпалды екенін мйындамауға әддің жоқ. Данышпан қазақ «Қызым үде, қылығы түзде» дегенді сондай оқыс жағдайлармен бетпе-бет келгенде айтқан болар.

Осы тұрғыдан алғанда көпке үлгі болар тәрбиелі отбасылар санын көбейтуде «Отбасы күні» шеңберінде ұйымдастырылған «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру», «Отбасын жоспарлау», «Саналы ата-ана», «Дені сау ұрпақ», «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі», «Отбасылық әл-ауқат», «Отбасылық демалыс: бақытты болашаққа инвестиция» атты шаралардың берері мол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.