arasha.kz

Параны уәде ету мен ұсыну қылмыстық құқық бұзушылыққа жатқызылады

Мәжіліс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы аясында үш кодекс пен бес заңға түзетулер, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі. Жобаның басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Заң жобасының негізгі бастамаларының бірі – пара беруді талап еткені, уәде бергені немесе ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Бұл мәселенің күн тәртібінде тұрғанына 15 жылдан асты. Тиісті заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігі 2008 жылдың мамырында Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көрсетілген болатын. Осыған ұқсас ұсыныстар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының баяндамаларында да бар.

Пара алу туралы келісімді аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық әсерге ие болады. Бұл мемлекетке зиян келтірмес бұрын парақорлықты тоқтатуға мүмкіндік береді. Енді Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара талап ету немесе алу», 367-бабы «Пара ұсыну, уәде ету немесе беру» деген атауларға ие болады.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі артады. Қазіргі уақытта олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 678-бабы бойынша лауазымды тұлғаларға сыйақы бергені үшін 750 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Бұл баптың жаңа редакциясында Қылмыстық кодекстің 367-бабына (Пара беру) ұқсас көп мөлшердегі айыппұл түріндегі диспозиция мен санкциялар қарастырылған. Айыппұл сыйақының мөлшеріне қарай заңды тұлға атынан немесе оның мүддесі үшін берілген материалдық сыйақы мөлшерінің 30-дан 60 еселенген мөлшерінде болады.

Exit mobile version