Біз
әлеуметтік
желіде
16-05-25 |
90 рет қаралған
Павлодар облысы бір ақпараттық жүйені қолдауға 8 млрд теңге жұмсамақ.
Павлодар облысы бір ақпараттық жүйені қолдауға 8 млрд теңге жұмсамақ

Қазақстанда цифрландыру жобалары миллиардтаған қаржыға жүзеге асып жатқанымен, олардың тиімділігі мен ашықтығына қатысты сұрақтар күн тәртібінен түспей отыр. Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясы ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке кезекті депутаттық сауал жолдады.
Павлодар облысында бір ғана ақпараттық жүйені қолдауға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл — әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект жүйелерімен салыстырғанда 3 есе қымбат.

Депутат Азат Перуашев бастаған топ IT-қызметтердің құны мен мемлекеттік цифрлық жобаларға бөлінген қаржының негізділігіне қатысты нақты сұрақтар қойып, саладағы бірқатар мәселелерді сынға алды.

Бірнеше миллиардтық «үнем» – шын мәнінде не?

Министрлік жауабында биылғы жылдың басынан бері ІТ-жобалар бойынша 54 миллиард теңге (яғни 37%) үнемделгені хабарланған. Алайда, депутаттар бұл үнем нақты қалай жүзеге асқанына күмән келтіріп отыр: жобалардан толық бас тарту есебінен бе, әлде қайта есептеу арқылы ма? Сонымен қатар, қымбат жобалардың құнын асырып көрсеткен лауазымды тұлғалар мен нақты фактілер туралы ақпарат берілмеген.

Ескірген жобалар мен «жұмыс істемейтін» стартаптар

Бірқатар ақпараттық жүйелер ескірген немесе тиімсіз деп танылып, пайдаланудан шығарылған. Бірақ оларға жұмсалған бюджет қаражаты мен жауапты тұлғалар туралы мәлімет жоқ. Тіпті, Инновациялық технологиялар паркі аясында құрылған бес орталықтың үшеуі жарамсыз деп танылса, қалған екеуі де нәтиже бермеген. Нәтижесінде 3 млрд теңге тікелей шығынға жазылған.

Жергілікті жобалардың құны күмән тудырады

Депутаттар өңірлердегі ІТ-жобаларға бөлінетін қаржының негізділігіне де назар аударды. Мәселен, Павлодар облысында бір ғана ақпараттық жүйені қолдауға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл — әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект жүйелерімен салыстырғанда 3 есе қымбат. Мысалы, Қытайда DeepSeek атты ЖИ жобасы небәрі 6 млн долларға жасалған. Екі айда бұл стартаптың капитализациясы 1 млрд долларға жетті.

Ұсыныстар мен талаптар

«Ақ жол» фракциясы мынадай нақты шараларды қолға алуды ұсынады:

IT-жобалар мен инфрақұрылым шығындарына шекті баға енгізу;

Жергілікті органдардың өз бетінше шешім қабылдап, орталық платформалардан тыс жүйе жасауларына тыйым салу;

Барлық мемлекеттік ІТ-жобаларға тәуелсіз аудит жүргізуді міндеттеу;

Соңғы 5 жылда жүзеге асқан жобалардың тізімін, бюджет сомаларын және олардың қазіргі мәртебесін ашық жариялау;

Жоғарғы аудиторлық палатасының есебіне нақты жауап беру және қабылданған шаралар туралы мәлімет беру.

Smart City тұжырымдамасы – ашық ақпарат жоқ

Сауалда Smart City тұжырымдамасына қатысты да сын айтылды. Бұл бағытта қандай жобалар жүзеге асырылды, қанша қаржы жұмсалды және олардың eGov және Qaztech платформаларымен үйлесімділігі туралы мәлімет берілмеген.

«Ақ жол» депутаттары мемлекеттік ІТ-жобаларда ашықтық пен тиімділік болуын, цифрлық шығындардың нақты негізделуін талап етуде. Бұл бастама — тек қаржы үнемдеуге емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.