Сәкен Жомартұлы атты азамат жемқорлардың туған-туыстарының да мүлкін тәркілеу бойынша петиция жариялады. Назарларыңызға петицияның толық мәтінін ұсынамыз:
Біз, төменде қол қойған Қазақстан Республикасының азаматтары, ақшаны жылыстатуға, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз баюға қарсы күрестің тиімді тетігі ретінде ұзартылған тәркілеу институтын енгізу бастамасын қолдайтынымызды білдіреміз.
Бүгінде Қазақстанда осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық стандарттар мен міндеттемелерге, соның ішінде FATF (ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық іс-қимыл тобы) ұсынымдарына сәйкес заң жобасына қазірдің өзінде 100-ден астам түзетулер енгізілді. Олардың ішінде заңды кіріспен негізделмейтін мүлікті алып қоюға мүмкіндік беретін құжат – ұзартылған тәркілеу туралы ереже ерекше маңызға ие.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер Марат Бәшімов атап өткендей, бұл шараны жүзеге асыру қажеттілігі Қазақстанның БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын, атап айтқанда, заңсыз баюды қылмыстық құқық бұзушылық деп тануды көздейтін 20-бапты ратификациялауымен де байланысты.
Ұзартылған тәркілеу институтын қабылдау:
ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіреді;
ауқымды сыбайлас жемқорлықпен күресудің нақты құқықтық тетіктерін жасайды;
халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады;
елдегі ашықтық пен әділеттілік жолындағы маңызды қадам болмақ.
Біз Қазақстан Республикасы Парламентін одан әрі кешіктірмей ұзартылған тәркілеуді енгізу туралы бастаманы қолдауға және қабылдауға шақырамыз.
Бұл тарихи мүмкіндікті жіберіп алмау керек.