arasha.kz

Петропавл тұрғындары су тасқынынан кейін алған үйлеріне наразы

Билік мерзімге үлгеруге тырысқанымен, нәтижесінде сапасыз үйлер салған. Бұл туралы Петропавловск News хабарлады.

Шағымдар негізінен Бірлік шағын ауданындағы үйлерге қатысты.

«Терезелер мен есіктер жай ғана буланып тұрған жоқ, тура су ағып жатыр. Бөлмелердегі линолеум сұмдық. Алғашқы қар жауған кезде, шатырдан суық жел соғып тұрды. Тұсқағаздар қарая бастаған, бұрыштар да көгеріп кетті. Бәрі қырау басып тұр», – деді зейнеткер Татьяна Зорина Петропавл әкімі Серік Мұхамедиевтің қабылдауында.

Әйел бірнеше рет құрылысшы «Меркурий» компаниясына жүгінген, алайда мәселе шешілмеген.

Петропавл әкімі бұл проблеманы мойындады:

«Мен ол жерде өте қымбат, сапалы материалдар қолданылды деп айта алмаймын. Құрылысқа асықтық. Кейбір жерлер толық кебіп үлгермеді. Сондықтан осындай жағдай болды. Барлығын жөндейміз», – деді ол.

Серік Мұхамедиев құрылыс компаниясын кемшіліктерді жоюға міндеттеуді тапсырды және жөндеу жұмыстарын өзі тексеруге уәде берді.

2024 жылдың көктемінде Петропавл су тасқынынан ең көп зардап шеккен қалалардың бірі болды – бірнеше шағын ауданды су басты, көптеген адамдар баспанасыз қалды.

Exit mobile version