13-02-21 |
1560 рет қаралған
Петропавлдық әкім спортшыға сыйлаған пәтерін қайтарып алды.
Петропавлдық әкім спортшыға сыйлаған пәтерін қайтарып алды

Қызылжарда жергілікті билік Азия чемпионы Айдар Қазовты сергелдеңге салып, сағын сындырды. Зілтемірші шенеуніктердің өзін жылдар бойы алдап келгенін айтты. Әлем аренасында қазақтың намысын қорғап шыққан спортшы әкімдіктің мазағына айналды.

2015 жылы ел қоржынына «Алтын алқа» түсіргені үшін аймақ атқамінері Айдар Қазовтқа жаңа коммерциялық үйден екі бөлмелі пәтер табыстаған. Алайда, артынша құзырлы органдар баспананы босатуды талап еткен.

«2015 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов, Казградстрой компаниясының басшысы Александр Авдеевке, маған «Мечта» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер берді. Мен отбасыммен бірге екі жыл сонда тұрдым. Кәсіпорын жетекшісі пәтерді рәсімдеу жұмысынан қашқақтай берді. 2018 жылы ол бізге Қызылжар тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынды. Көшсең, бірден атына аударып береміз деді. Біз көндік. Бірақ жарты жылдан кейін ол пәтердің басқа иесі пайда болып, бізді қуып шықты», – дейді спортшы Айдар Қазов.

Жергілікті билік зілтемірші тұрған пәтерге бюджеттен ақша бөлінбегенін айтты.

«Пәтер сыйлау бастамасын кәсіпкер Александр Авдеев көтерді. Бұл оның жеке бастамасы. Кілтті берген сол. Бюджеттен бұған қаражат бөлінген жоқ. 2019 жылы спорт басқармасы Айдар Қазовқа жалдық коммуналдық пәтер бөлді. Коммуналдық қызметтің қарызын біз өзіміз жаптық. Енді спортшы бір жылдан бері коммуналдық қызметтің ақысын төлемей отыр. Жалпы, пәтер тек Олимпиада және Параолимпиада ойындарының қатысушыларына ғана сыйға тартылады», – дейді Петропавл қаласының әкімінің орынбасары Асқар Хабулин.

Спортшыға үй берген кәсіпкер әкімдікке алданғанын айтты.

«Екі бөлмелі пәтер банкке кепілдікке қойылып, оның құнын қалалық әкімдік өтеуі тиіс болған. Пәтерді облыс әкімі сыйлады. Бірақ әкімдік келісім-шартты бұзып, банктен қаражатты қайтарып алған. Кейін банк бұл пәтерлерді аукционда сатып жіберген. Мен спортшыны бұл үйде қалдырар едім. Бірақ жағдайым болмады», – дейді құрылыс компаниясының басшысы Александр Авдеев.

Бүгін сағы сынған зілтемірші Айдар Қазов үлкен спорттан кететінін жариялады. Ал қалалық әкімдік ұсынған тар пәтерді қайтарып бермек. 

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.