arasha.kz

Премьер-Министр су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды

«Атырау облысында елді-мекендерді су басып қалу қаупі сақталып отыр. Сондықтан тиісті құрылымдар тасқынға қарсы жұмыстарды жалғастыруы қажет. Әсіресе, Индербор және Махамбет елді-мекендеріндегі жағдайды ерекше бақылауға алу керек. Онда Жайық өзені қауіпті деңгейден асып кетті. Эвакуациялық бекеттер кез келген уақытта адамдарды қабылдауға дайын болуға тиіс. Күштер мен құралдар да сақадай сай тұруы керек. Су ресурстары министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін», — деп тапсырды Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында 2 елді мекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ. Онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің болуын мұқият бақылауға алу керек. Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету керек.

Премьер-Министр су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет.

«Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек»,  — деп түйіндеді Олжас Бектенов.

Exit mobile version