Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саяси қызметшілердің өз міндеттерін және Президент тапсырмаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы үшін жаза қолдану туралы жаңа норманы бекітті. Бұл туралы Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 «Мемлекеттік қызметті өткеру мәселелері туралы» Жарлығына енгізілген өзгерістерден белгілі болды.
Жаңа нұсқаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережелерінің 2-бөлімі келесідей мазмұнда көрсетілген:
«2. Мемлекеттік саяси қызметші өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, кінәлі түрде орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының Президент тапсырмаларын негізге ала отырып және (немесе) оларды орындау мақсатында берген тапсырмаларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны, қызметтік тәртіп пен этиканы бұзғаны, сонымен қатар мемлекеттік қызметті өткерумен байланысты заңдарда белгіленген шектеулерді сақтамағаны үшін тәртіптік жаза қолданылады», – делінген Жарлық мәтінінде.
Айта кету керек, алдыңғы нұсқада Президент тапсырмаларын орындамау немесе тиісінше орындамау туралы тармақ болмаған.
Бұл өзгеріс Жарлыққа қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.
Самал Асқар