arasha.kz

Қазақфильмдегі дискриминация

Қазақ киносында қазақ тілді режиссерлердің дискриминацияға ұшырауы бұрыннан бар мәселе. Алайда, бұл жағдай Айдар Омаров «Қазақфильм» киностудиясының президенті міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалғалы бері ашық түрде, дөрекі әдістермен жүзеге асып келеді. Бұл туралы кинорежиссер Елзат Ескендір айтты.

«Бұрындары қазақ тілді режиссерлердің сценарийлері питчингтен өтпей, халықаралық шараларға шығарылмай, түрлі шектеулерге ұшыраса, бүгінде мұндай шеттету әрекеттері киностудия аумағына кіргізбеуге дейін жеткен. Елзат Ескендір өз фильмі – «Әбіл» туындысын Қазақстан атынан түрлі халықаралық кинофестивальдерге апарғанына қарамастан, оған ешқандай қаржылай қолдау көрсетілмегенін айтады. Ол Бусан, Гетеборг, Везуль фестивальдеріне өз қаражатына баруға мәжбүр болған», – дейді режиссер.

Елзат Ескендірдің мәлімдемесінде киностудия қызметкерлерінің мемлекеттік қаржыландырумен халықаралық Market-терге қатысатыны, бірақ олардың көпшілігінің ағылшын тілін білмейтіні айтылған. Сонымен қатар, 2024 жылдың қазан-қараша айларында өткен халықаралық киношараларға кімдердің барғаны туралы ашық ақпарат жоқ.

Мысалы, Нидерландыда өткен IDFA Амстердам деректі фильмдер фестиваліне де «Қазақфильм» тарапынан бірнеше адам жіберілген. Бірақ олардың арасында тек біреуінен басқасы ағылшын тілін білмеген. Осындай жағдай АҚШ пен Францияда өткен шараларға да қатысты. Бұл сапарларға кімдер барғаны, олардың қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы ешбір ақпарат жарияланбаған. Ал киностудия басшылығы бұл мүмкіндіктерді өздеріне жақын адамдарға ғана ұсынып отырғаны байқалады.

Режиссердің талаптары мен үндеуі

Елзат Ескендір Бусан кинофестивалі алдында киностудия басшылығымен кездесіп, халықаралық фестивальдерге шақырылған режиссерлерге қаржылай қолдау көрсету мәселесін көтерген. Бірақ оған «тек Market-терге баратындар ғана қаржыландырылады» деген жауап берілген. Алайда, осы жылдың өзінде шақырту алған Гетеборг пен Везуль фестивальдеріне де ешқандай қаржы бөлінбеді.

Осы әділетсіздікке байланысты режиссер ресми хат жазып, оны қазақ және орыс тілдерінде ұсынған. Бірақ арада бір жарым ай өтсе де, әлі күнге дейін ешқандай жауап алмаған. Ескендірдің пікірінше, бұл – қазақ тілді режиссерлерді толыққанды дискриминациялау.

«2025 жылы қазақ киносының шетелдегі күндерін өткізу үшін мемлекеттен 70-80 миллион теңге бөлінгені айтылуда. Бұл қаржы 16 елге іс-сапар жоспарлауға бағытталмақ. Алайда, киностудия бұл сапарларға қазақ тілді режиссерлерді емес, өздеріне жақын қызметкерлерді жіберуді көздеп отырғанға ұқсайды»,-  дейді Е. Ескендір.

«Қазақфильм» басшылығы тарапынан жасалып отырған бұл шеттету – ұлттық киноның дамуына үлкен кедергі келтіреді. Елзат Ескендірдің айтуынша, халықаралық фестивальдерде елдің мәдени әлеуетін ең алдымен өнер өкілдері танытады. Сондықтан мемлекеттік қаржы фильмдерді таныстыруға және режиссерлердің әлемдік деңгейге шығуына бағытталуы тиіс.

Елзат Ескендір қазақ киносындағы дискриминация тоқтатылуы керек екенін мәлімдейді. Оның айтуынша, ұлттық өнерді дамыту үшін қазақ тілді киногерлерге тең мүмкіндіктер берілуі тиіс. Бұл – қазақ киносының әлемдік деңгейде мойындалуына жасалған маңызды қадам болмақ.

Exit mobile version