arasha.kz

«Қазақмыс» сирек кездесетін металдарды жасырын экспорттағаны рас па?

Депутаттар Қазақстан миллиардтаған теңгеден айырылып жатыр деп күдіктенеді. Осыған байланысты Антикор мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне депутат Азат Перуашев сауал жолдады.

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі құрамында сирек кездесетін және бағалы металдар бар кен мен концентраттарды экспорттау кезінде ықтимал заң бұзушылықтарды анықтауды талап етуде.

Перуашев «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы зертханашысы Бақыт Әділованың сөзін келтірді. Оның айтуынша, компания мыс концентраты мен кенді химиялық талдау жүргізбей-ақ экспорттайды, осылайша құрамындағы бағалы элементтердің нақты мөлшерін жасырады.

Оның сөзінше, бұл экспортталатын шикізаттың құнын жасанды түрде төмендетуге мүмкіндік береді, ал бұл ел экономикасына зиян келтіреді.

Геология саласының тағы бір сарапшысы да осыған ұқсас пікір білдіріп, зертханалық бақылаудың болмауы тау-кен компанияларына ондаған жылдар бойы құрамындағы сирек кездесетін металдарды есепке алмай шикізатты сыртқа шығаруға жол ашқанын айтты.

«Бұл ресурстардың құны жылдан жылға өсіп келе жатқанын ескерсек, олардың бақылаусыз шығарылуынан келген залалды тіпті есептеу мүмкін емес», – деді Азат Перуашев өз депутаттық сауалында.

«Ақ жол» фракциясы бірқатар талаптар қойды.

Фото: kazminerals

Exit mobile version